"Бүгінгі таңда отандық банктердің құрылыс саласына қаржы құюға деген құлшынысы бәсең. Әсіресе елімізде құрылыс қарқын алған 2010-2014 жылдармен салыстырғанда Қазақстан бактерінің құрылысқа қаржы салу қарқыны қуантарлық емес. Дегенмен өткен 2015 жылға қарағанда биылғы көрсеткіш тым жаман емес деуге болады. Бір жылда 18 пайызға қайта өрлеп отыр", – деп жазады BAQ.kz тілшісі.
Finprom.kz агенттігі таратқан мәлімет бойынша, өткен жылы құлдыраған қаржыландыруды қайта қалпына келтіру көзделген. Дегенмен бұл бір жылдың ішінде қарқын алып кете алған жоқ. Нақтырақ айтсақ 2015 жылдың тамызынан бастап, 2016 жылдың маусым айына дейін құрылыс саласына кредит бөлу 1 трлн теңгеден аспады.

Оған себеп болған бір жайт банктер тарапынан Қазақстан эконмикасын қаржыландыру бойынша барлық салаға бөлінген қаржының 8 пайызы ғана осы құрылыс саласына жұмсалған.


Қазақстандағы құрылыс жұмысымен айналысатын компаниялардың көбі шетелдік инвесторлар деуге болады. Бұл да отандық бактердің құрылыс саласына қаржы аударуына аз да болса өз әсерін тигізбей қоймайды. Дегенмен олар бір жыл ішінде құрылыс жұмыстарын 72 млрд теңгеден 279 млрд теңгеге дейін арттыра алды. Мұнан бөлек, жеке құрылыс компаниялар 758 млрд теңге табыс әкелсе, ол өткен жылмен салыстырғанда 34 млрд теңгеге көп. Осы орайда, мемлекеттік құрылыс компанияларының табысы бір жылда 2 млрд теңгеге құлағанын байқауға болады. Нақтырақ мемлекеттік компаниялардың құрылыс саласындағы қаржысы бір жылда 6 млрд теңгеден 4 млрд теңгеге дейін қысқарған.


2007-2009 жылдардағы жаппай құрылыс саласын несиелендіру, көп ұзамай-ақ құрылыс саласын дағдарысқа тіреді. Бұл банктер үшін де тиімсіз еді. Шамадан тыс қаржы салынған құрылыстарға елдегі экономикалық ақуалдың әсерінен сұраныс азайды. Банктер бұл салаға салған кредиттерін өндіріп ала алмай қалды. Осыны ескере отырып соңғы бірнеше жылда несиелендіруді төмендетті. Олай дейтініміз ұзақ мерзімді несиелендіруде жұмыс істемейтін қарыздар 2015 жылдың маусым айынан 2016 жылдың наурыз айына дейін 7 пайызды құраса, 2016 жылдың екінші тоқсанында бұл көрсеткіш 11 пайызға артты. Яғни, банктердің ақшасы ақша ретіндегі айналымдық құнын жоғалтып, өтпейтін құрылыстарға айналды. Бұл да банктердің құрылыс саласын қаржыландыруына кері әсерін тигізді. Оның сыртында жалған құрылыс компанияларына қатысты алаяқтық әрекеттер де бұл салаға қаржы аудару мәселесінде түйткіл тудырды.
Графиктер Finprom.kz агенттігіне тиесілі.