Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кения Президентіне І дәрежелі «Достық» орденін табыс етті, деп хабарлайды ult.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Келіссөздер барысында Қазақстан мен Кения арасындағы қарым-қатынасты одан әрі дамыту және жаңа деңгейге көтеру мәселелері талқыланды. Президент Тоқаев екі ел арасындағы ынтымақтастықты тереңдетуге бағытталған жоғары деңгейдегі диалогтың маңызын атап өтті.
Мемлекет басшысы Кения Президентін халықаралық аренадағы беделді мемлекет қайраткері ретінде сипаттап, оның елді дамытуға және экономикалық реформаларды жүзеге асыруға қосқан үлесін жоғары бағалады.
Сондай-ақ ол Кенияның Африкадағы тұрақтылық пен бірлікті нығайтуға, халықаралық әріптестікті дамытуға бағытталған ұстанымын қолдайтынын жеткізді.
Қазақстан Президенті екі ел арасындағы достық пен серіктестікті нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Кения Президентіне І дәрежелі «Достық» орденін табыс ету – үлкен құрмет екенін айтты.