"Осы жерде болғаныма бақыттымын": Ерке Есмахан көптен күткен арманына жетті

"Осы жерде болғаныма бақыттымын": Ерке Есмахан көптен күткен арманына жетті
Фото-коллаж: ult.kz

Танымал әнші Ерке Есмахан Франция астанасы Парижге барып, әлемге әйгілі өнер жұлдызы Селин Дионның концертін тамашалағанын айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Өнер иесі әлеуметтік желідегі парақшасында концерттен түсірілген бейнежазбаны жариялап, ерекше әсерімен бөлісті. Әншінің айтуынша, Селин Дионды сахнадан өз көзімен көріп, жанды дауыста ән салғанын тыңдау оның көптен бергі арманы болған.

"Paris. 2026. Plenitude Arena. Celine Dion. Еуропадағы ең маңызды, тіпті тарихи оқиға! Селинді көзбен көріп, тірідей тыңдағаныма қуаныштымын! Осы жерде болғаныма бақыттымын! Шүкір!" – деп жазды Ерке Есмахан.

Әнші жариялаған видеода Селин Дионның әйгілі My Heart Will Go On әнін орындаған сәті көрсетілген.

Айта кетейік, бұл туынды 1997 жылы жарық көрген "Титаник" фильмінің саундтрегі ретінде кеңінен танылып, әлемдік музыка тарихындағы ең танымал әндердің біріне айналды.

Ерке Есмахан үшін Париждегі концерт сүйікті әншісінің өнерін жақыннан тамашалап, көптен күткен тілегін жүзеге асырған ерекше сәт болған.

Ерке Есмахан кім?

Ерке Есмахан – қазақстандық эстрада әншісі, актриса және қазақ тіліндегі танымал әндердің орындаушысы. Ол 1984 жылы 30 қарашада Ақтөбе облысының Ырғыз ауылында дүниеге келген. Болашақ әнші бала кезінен музыкаға қызығып, өнерге жақын болып өсті. Алғашқы білімін Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте алып, кейін Ақтөбедегі музыкалық мектепте оқуын жалғастырды. Ол домбыра, қобыз және фортепиано аспаптарында ойнауды меңгерген. Мектептен кейін Ахмет Жұбанов атындағы музыкалық колледждің опера бөлімінде білім алды. Кейін Алматыдағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында эстрадалық вокал мамандығын игерді. Ерке Есмахан кәсіби шығармашылық жолын Баян Мақсатқызының продюсерлік орталығына қарасты "Іңкәр" тобында бастады. Топ құрамында өнер көрсеткеннен кейін жеке әншілік мансабына ден қойды.

Оның алғашқы жеке шығармашылық табыстарының бірі "Айша бибі" әнімен байланысты. Бұл туындының сөзін ақын Фариза Оңғарсынова жазған, ал әнін композитор Болат Қохаманов шығарған. Кейін Төреғали Төреәлімен бірге орындаған "Алло" әні кеңінен танылып, тыңдармандар арасында үлкен сұранысқа ие болды. Әсіресе 2017 жылы жарық көрген "Қайда?" әні Ерке Есмаханның танымалдығын арттырды. Аталған әннің бейнебаяны YouTube желісінде миллиондаған қаралым жинады. Әншінің репертуарында "Асыл арман", "Бал сезім", "Еркемін", "Әйел бақыты" және "Жүрегім" секілді шығармалар бар.

Ерке Есмахан әншілікпен қатар кино саласында да өзін сынап көрді. Ол 2018 жылы "Махаббат кафесі" фильмінде басты рөлдердің бірін сомдады. Өнер иесі шығармашылығында лирикалық әндерге, махаббат пен адам сезімдерін жеткізетін туындыларға ерекше орын береді. Бүгінде Ерке Есмахан қазақ эстрадасының кеңінен танылған орындаушыларының бірі саналады.