Өскеменде есірткі таратты деген күдікпен екі жас ұсталды

Өскеменде есірткі таратты деген күдікпен екі жас ұсталды
ШҚО ПД

Өскемен қаласында 18 және 19 жастағы екі тұрғыннан аса ірі көлемдегі есірткі тәркіленді, деп хабарлайды ult.kz.

Шығыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер «Қарасора-2026» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында ұсталған.

Полиция мәліметінше, олар алдын ала сөз байласып, есірткі заттарын өткізу мақсатында заңсыз сақтады деген күдікке ілінген. Жеке тінту барысында олардан тыйым салынған заттар салынған 91 орама тәркіленді.

Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген заттардың құрамынан 25,29 грамм мефедрон, 27,21 грамм α-PVP психотроптық заты және 6,24 грамм каннабис шайыры анықталған.

Ведомствоның мәліметінше, тәркіленген есірткінің жалпы көлемі заңнамаға сәйкес аса ірі мөлшер болып есептеледі.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Күдіктілердің бірі ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылса, екіншісі уақытша ұстау изоляторына қамалды.