Оралда төтенше жағдай жарияланды: қоқыс полигонындағы өрт 12 гектар аумақты шарпыды

Оралда төтенше жағдай жарияланды: қоқыс полигонындағы өрт 12 гектар аумақты шарпыды
Орал әкімдігі

Орал қаласының аумағында жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. Мұндай шешім Зачаган кентінен шамамен 15 шақырым жерде орналасқан қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы ірі өртке байланысты қабылданды, деп хабарлайды ult.kz.

Бұған дейін ауа температурасының қалыптан тыс көтерілуі салдарынан полигонда өрт тұтанып, жалын 12 гектар аумақты шарпыған.

Орал қаласы әкімдігінің мәліметінше, өрт туралы хабар түскен сәттен бастап тілсіз жауды оқшаулау және сөндіру жұмыстары дереу басталды. Өрт ошақтарына үздіксіз су төгіліп, сөндірілген аумақтар топырақпен жабылып жатыр.

Қазіргі уақытта өртті толық ауыздықтау үшін оқиға орнында 34 арнайы техника жұмылдырылған.

Қалыптасқан жағдайға байланысты қала аумағында жергілікті деңгейдегі табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі енгізілді. Төтенше жағдайдың салдарын жою жұмыстарын үйлестіру Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевке жүктелді.

«Жағдай тұрақты бақылауда. Өртті толық сөндіру және түтіннің таралуын барынша азайту үшін барлық қажетті шаралар қабылданып жатыр», – деп хабарлады Орал қаласының әкімдігі.

Еске сала кетейік, бұған дейін Оралдағы қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында өрт шыққаны туралы хабарланған болатын.