Freedom Inside '26

Оралда ірі көлемдегі синтетикалық есірткімен ұсталған күдікті қамауға алынды

Оралда ірі көлемдегі синтетикалық есірткімен ұсталған күдікті қамауға алынды
Polisia.kz.

Батыс Қазақстан облысында синтетикалық есірткі таратумен айналысты деген күдікпен 28 жастағы Орал қаласының тұрғыны ұсталды, деп хабарлайды ult.kz.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдікті басқарған Hyundai автокөлігі тоқтатылған. Көлікті тексеру кезінде есірткіге ұқсас зат салынған ондаған орама табылған.

Кейін күдіктінің тұрғылықты мекенжайында жүргізілген тінту барысында қосымша заттай дәлелдемелер, оның ішінде электронды таразы, қаптама материалдары және басқа да құралдар тәркіленді.

Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген зат синтетикалық есірткі екені анықталған. Оның жалпы салмағы 570 граммды құраған.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ұсталған азамат интернет арқылы жұмыс істейтін заңсыз есірткі тарату желісінде қойма қызметін атқарған болуы мүмкін.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Қазіргі уақытта полиция қылмыстық схемаға қатысы болуы мүмкін өзге тұлғаларды және заңсыз арналарды анықтау бойынша тергеу жұмыстарын жалғастырып жатыр.