Орал қаласында облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында қайтыс болған 12 жастағы Дәмелі Абдрахманованың өліміне байланысты тексеру жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Туыстарының айтуынша, қыз бала ауруханаға 28 маусымда түсіп, оған іріңді баспа диагнозы қойылған. Ол палатаға жатқызылғанымен, келесі күні жағдайы күрт нашарлап, көз жұмған.
Марқұмның жақындары қайғылы оқиғаға медицина қызметкерлерінің салғырттығы себеп болды деп есептейді.
Осы жағдайға байланысты Батыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы тексеру басталғанын мәлімдеді.
Ведомствоның хабарлауынша, қазіргі уақытта сот-медициналық сараптама жүргізіліп жатыр. Оның қорытындысы шыққанға дейін баланың нақты неден қайтыс болғанын айту мүмкін емес.
– Сот-медициналық сараптама әлі аяқталған жоқ. Сондықтан өлімнің нақты себебі әзірге анықталмады. Ресми ақпарат сараптама қорытындысы дайын болғаннан кейін жарияланады, – деп хабарлады Денсаулық сақтау басқармасы.