Оқушылардың оқу сауаттылығы ақсап тұр: Қазақстан PISA рейтингінде 61-орын алды

Оқушылардың оқу сауаттылығы ақсап тұр: Қазақстан PISA рейтингінде 61-орын алды
ortcom.kz

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) 15 жастағы оқушылардың функционалдық сауаттылығын бағалайтын PISA-2025 халықаралық зерттеуінің нәтижелерін жариялады. Қазақстанның көрсеткіштері 2022 жылмен салыстырғанда төмендеген. Ел 91 мемлекеттің ішінде 61-орынға жайғасқан, деп хабарлайды ult.kz energyprom.kz сайтына сілтеме жасап.

PISA-2025 зерттеуінің нәтижелері

Қазақстандық оқушылар үш негізгі бағыт бойынша да алдыңғы зерттеумен салыстырғанда төмен нәтиже көрсеткен.

  • Математика: 414 балл. 2022 жылы 425 балл болған. ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіші – 463 балл.
  • Жаратылыстану ғылымдары: 420 балл. 2022 жылы 423 балл болған. ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіші – 482 балл.
  • Оқу сауаттылығы: 385 балл. 2022 жылы 386 балл болған. ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткіші – 461 балл.

Сарапшылардың айтуынша, PISA зерттеуіндегі оқу сауаттылығы мәтінді түсіну, одан қорытынды шығару, графиктер мен кестелерді талдау қабілетін қамтиды. Бұл дағды басқа пәндерді меңгеру үшін де маңызды. Алайда қазақстандық жасөспірімдердің ең төмен көрсеткіші осы бағытта тіркелген.

Әлемдік рейтингте Қытай, Сингапур, Жапония, Эстония және Оңтүстік Корея жоғары нәтиже көрсеткен. Қытай математика бойынша 600 балдан астам жинаған. Ал АҚШ пен Еуропаның дамыған елдері алғашқы 30 елдің қатарына кірген.

Қазақстан 2030 жылға дейін қандай нәтижеге қол жеткізуді жоспарлап отыр?

PISA зерттеуіндегі көрсеткіштердің төмендеуіне байланысты Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі 2030 жылға дейінгі Ұлттық білім беруді дамыту жоспарын жаңартты.

2029 жылғы PISA зерттеуіне дейін ведомство мынадай көрсеткіштерге қол жеткізуді көздеп отыр:

  • оқу сауаттылығы бойынша нәтижені 406 балға жеткізу;
  • математика мен жаратылыстану ғылымдары бойынша көрсеткіштерді 445 балға дейін көтеру;
  • нақты ғылымдар бойынша сауаттылықтың ең төменгі деңгейінен қатысушылардың 57%-ы, ал оқу сауаттылығы бойынша 40%-ы өтуі керек.

Мектептер мен мұғалімдердің біліктілігіне басымдық беріледі

Мемлекет білім беру инфрақұрылымын дамытуға және педагогтердің біліктілігін арттыруға басымдық беріп отыр.

2020–2025 жылдары Қазақстанда 689 жаңа мектеп пайдалануға берілген. Ал 2030 жылға дейін жыл сайын 160 мың жаңа оқушы орны құрылмақ.

Сонымен қатар үш ауысымда оқытатын мектептердің үлесін 0,98%-дан 0,5%-ға дейін қысқарту және апатты мектеп ғимараттары мәселесін толық шешу жоспарланған.

Бұдан бөлек, барлық орта мектепті заманауи физика, химия және робототехника кабинеттерімен жабдықтау көзделіп отыр.

Мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарына 2027 жылы педагогтердің 62%-ын, ал 2028 жылы 92%-ын қамту жоспарланған.

Білім саласына қанша қаражат бөлінеді?

2025–2030 жылдарға арналған Ұлттық білім беруді дамыту жоспарын жүзеге асыруға 1 триллион теңгеден астам қаражат қарастырылған.

Білім беру саласындағы негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі де жыл сайын артады деп күтіледі. Биыл бұл көрсеткіш 732,5 миллиард теңге болса, 2027 жылы 892,6 миллиард теңгеге, ал 2030 жылы 1,6 триллион теңгеге жетуі мүмкін.

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектептердегі жағдайды жақсарту жөніндегі нақты ұсыныстарды қазір «Талдау» орталығы мен Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының мамандары әзірлеп жатыр.