Әсет Есжанның шығармашылық әлемі
Әсет Есжан — қазақ өнеріндегі бірнеше саланы қатар алып жүрген, сахна мен экранда өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған өнер иесі. Актерлік шеберлік, әншілік, продюсерлік, ұлттық руханиятты насихаттау — оның шығармашылық жолындағы негізгі бағыттардың біріне айналды. Табиғи таланты мен тынымсыз ізденісінің арқасында ол көрермен жүрегінен орын тауып, қазіргі қазақ мәдениетінің дамуына өзіндік үлес қосып келеді.

Фото: Әсет Есжан / «Алатау» театры баспасөз қызметінен
Әсет Нұрәкімұлы 1990 жылдың 17 қарашасында Алматы облысы, Ұйғыр ауданына қарасты Дардамты ауылында дүниеге келген. Ауылдың табиғи болмысы мен қазақы тәрбиесі оның дүниетанымының қалыптасуына ықпал етті. Бала күнінен өнерге бейім болып өскен ол мектеп қабырғасынан-ақ сахнаға қызығып, әдебиет пен өнерге ерекше ынта танытты.
2003–2005 жылдары Алматы қаласындағы Абай атындағы дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын мектеп-интернатта білім алды. Бұл кезең жас талапкердің рухани және шығармашылық тұрғыда қалыптасуына үлкен әсер етті. Кейін өнер жолын түбегейлі таңдаған Әсет 2005 жылы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы колледжінің «Актер өнері» мамандығына оқуға түседі. 2008–2012 жылдары осы академияда «Театр және кино актеры» мамандығы бойынша жоғары білім алып, кәсіби актер ретінде қалыптасты.
Шығармашылық еңбек жолын 2012 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында актер болып бастады. Театр сахнасында ол әртүрлі мінездегі кейіпкерлерді сомдап, көрерменнің ықыласына бөленді. Тахауи Ахтановтың «Ант» спектакліндегі Бөкенбай, Шекспирдің «Ромео – Джульетта» қойылымындағы Меркуцио, Иран-Ғайыптың «Фатима» драмасындағы Қаракиімді, Байғали Есеналиевтің «Базарың тарқамасын» спектакліндегі Естай секілді рөлдері оның актерлік диапазонының кеңдігін танытты.
2013 жылы «Хабар» арнасы ұйымдастырған «Жігіт сұлтаны» тележобасына қатысып, республика бойынша іріктелген жүздеген үміткердің арасынан үздік шыққан 16 қатысушының бірі ретінде финалға өтті. Бұл жоба оның тек актер ғана емес, жан-жақты өнер иесі екенін көпшілікке кеңінен танытты.
2018 жылдан бастап Алатау дәстүрлі өнер театры ұжымында актер болып қызмет атқарып келеді. Бұл театрда ол қазақ руханиятының ірі тұлғалары — Абай мен Жамбылдың сахналық бейнесін сомдап, тарихи әрі рухани кейіпкерлерді терең ашуға күш салды. Сонымен қатар Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына орай сахналанған «Айман – Шолпан» спектакліндегі Әлібек рөлі актер шығармашылығындағы елеулі табыстардың біріне айналды. Осы рөлі үшін 2022 жылы өткен TEATRALL халықаралық театр фестивалі аясында «Екінші пландағы үздік ер адам бейнесі» номинациясын иеленді.
2024 жылы сахналанған «Мәмлүк» спектаклінде Бейбарыс сұлтанның бейнесін сомдап, тарихи тұлғаның рухын сахнада әсерлі жеткізе білді. Бұл қойылыммен театр ұжымы 2025 жылы Мәскеу қаласында өткен А.П. Чехов атындағы халықаралық театр фестивалі фестиваліне қатысып, қазақ театр өнерін халықаралық деңгейде таныстырды.
Әсет Есжанның кино саласындағы жолы да жемісті. Ол алғаш рет 2011 жылы режиссер Ақан Сатаев түсірген Мың бала фильмінде бой көрсетті. Кейін көптеген фильмдер мен телехикаяларда әртүрлі образдарды сомдады. Оның экрандағы есте қалған рөлдерінің қатарында «Күләш» сериалындағы Марат, «Ұзақ жолдағы» Қалдыбай, Жат фильміндегі НКВД қызметкері, «Менің мектебім» телехикаясындағы сержант Кеңес бейнелері бар.
Тарихи тұлғаларды сомдауда да актер ерекше танылды. «Жамбыл» телехикаясында — Жамбылдың, «Дала данышпаны» жобасында — Қаныш Сәтбаевтың, «Соңғы үкім» фильмінде және «Қаныш қазына» телехикаясында тағы да Қаныш Сәтбаевтың бейнесін сомдады. Сонымен қатар «Абай жолы» телехикаясында Кәкітай Ысқақұлының, «Міржақып. Оян, қазақ!» телехикаясында Мұхтар Әуезовтің рөлін шебер орындады. Ал 2023 жылы көпшілік арасында кең тараған Дәстүр фильміндегі Имам рөлі көрерменнің ерекше ықыласына ие болды.
Сахна мен экраннан бөлек, Әсет Есжан қазақ эстрадасында да өзіндік орнын қалыптастырды. 2015 жылдан бастап авторлық әндер орындап келеді. Оның алғашқы танымал әндерінің бірі — «Дүр қамшы». Бұл әнді белгілі боксшы Қанат Ислам халықаралық жарыстарда қолдануы арқылы шығарма кең аудиторияға тарады. Сонымен қатар Сәкен Майғазиевпен бірге орындаған «Жыламасын сәбилер» әні тыңдарманға терең ой салған туындылардың бірі болды. Әсет түрлі жас орындаушылармен шығармашылық байланыс орнатып, дуэттер орындады. Солардың қатарында Ұшқын Жамалбекпен бірге айтқан «Мен сені сүйемін, Қазақстан» әні елдік рухты көтерген шығармалардың біріне айналды.
Өнер иесінің қызметі тек актерлікпен шектелмейді. Ол продюсерлік бағытта да белсенді еңбек етіп келеді. Ағасы Мұрат Есжан және Айсәуле Әбілдаевамен бірлесіп құрған MurAi кино компаниясы арқылы ұлттық тарихи жобалардың жүзеге асуына атсалысты. Әсет «Ахмет. Ұлт ұстазы» және «Міржақып. Оян, Қазақ!» телехикаяларында атқарушы продюсер қызметін атқарды.
Соңғы жылдары ол ұлттық өнерді жаңа форматта дәріптеуге де ден қойып келеді. 2023 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан «QAZAQSHA терапия» атты театрландырылған концерттік жоба — соның айқын дәлелі. Бұл жоба қазақтың дәстүрлі әндерін заманауи стильмен ұштастырып, тыңдарманға жаңа қырынан ұсынуды мақсат етеді. Қысқа уақыт ішінде бірнеше концерт өткізіп, көрерменнің зор ықыласына бөленген жоба бүгінде Қазақстанның түрлі өңірлерін аралап жүр.
Әсет Есжан — ұлттық өнердің бірнеше бағытын қатар дамытып жүрген шығармашыл тұлға. Театр сахнасындағы терең образдары, кино әлеміндегі шынайы кейіпкерлері, ән өнеріндегі ізденістері мен продюсерлік бастамалары оның қазақ мәдениетін дамыту жолындағы еңбегін айқын көрсетеді. Болашағынан зор үміт күттіретін азаматтың еңбегі бағаланып, 2024 жылы Мемлекеттік «Дарын жастар сыйлығын» алды.
Ол — өнерді руханиятпен ұштастырып, ұлттық болмысты жаңа буынға жеткізіп жүрген заманауи қазақ өнерпаздарының бірі.
Сахна сыртындағы сабырлы еңбек
Өнер — халықтың жаны. Ал театр — сол жанның айнасы. Сахнада сан қилы тағдыр сөйлеп, домбыраның қоңыр үні мен бабалардың аманаты жаңғырып жатса, оның ар жағында үнсіз еңбек етіп жүрген жандар болады. Олар — театрдың көзге көрінбес тірегі, өнер ордасының шырағын өшірмей жүрген қарапайым қызметкерлер. Солардың бірі — Шингисова Жанылсын Түменбайқызы.

Фото: Жанылсын Шингисова / «Алатау» театры баспасөз қызметінен
Жанылсын Түменбайқызы 1974 жылдың 26 сәуірінде Алматы облысы Райымбек ауданында дүниеге келген. Қасиетті Қарасаздың самалы мен Алатаудың ақбас шыңын көріп өскен жанның жүрегінде қашанда еңбекке адалдық, өнерге құрмет жататыны анық. Ол Д.А. Қонаев атындағы Мемлекеттік университеттің заң факультетін тәмамдап, өмір жолында әр салада қызмет атқарды.
2010-2011 жылдары Алматы қалалық білім басқармасына қарасты №57 балабақшада тәрбиеші көмекшісі болып еңбек етті. Бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, аналық мейірім мен сабырды серік етті. Ал 2012-2015 жылдары «Реформа в уголовно-исправительный системе» қоғамдық ұйымында заңгер-тәжірибеші ретінде қызмет атқарып, құқық саласында да өз орнын көрсетті.
Алайда тағдыр оны өнер әлеміне алып келді. 2016 жылдан бері Жанылсын Түменбайқызы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының билет тексерушісі қызметін абыроймен атқарып келеді. Бір қарағанда бұл қызмет елеусіз көрінуі мүмкін. Бірақ театр табалдырығын аттаған көрерменнің алғашқы жүздесетін адамы — осы кісі. Оның жылы қабағы, сыпайы сөзі, сабырлы болмысы театр мәдениетінің айнасы іспетті.
Жанылсын Түменбайқызының көпшілікке жария болмайтын, бірақ театрдың тынысына жан бітіріп тұрған еңбегі — осы сөздің айғағы. Театр ашылған күннен бері сахна сыртындағы тыныштық пен тәртіптің сақталуына өз үлесін қосып келеді. Қаншама көрерменнің қуанышына куә болып, өнерге асыққан жұрттың ықыласын қарсы алды.
Он жыл — тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен, театр үшін үлкен белес. Осы жылдар ішінде «Алатау» дәстүрлі өнер театры ұлттық өнердің қарашаңырағына айналды. Ал сол шаңырақтың уығын ұстап тұрған жандардың бірі — Жанылсын Түменбайқызы Шингисова.
Өнердің өрісі кеңейіп, театрдың шамшырағы биіктей берсін. Ал сахна сыртында үнсіз еңбек етіп жүрген осындай жандардың мерейі әрдайым үстем болғай.
Өнер ордасының отымен бірге жанған жандар
Өнер – адамзаттың жүрегіне сәуле құятын киелі ұғым. Ал сол өнердің шамын өшірмей, театр атты алып шаңырақтың тынысын тірілтіп жүрген жандар – елге көп көріне бермейтін, бірақ еңбегі сахна сәулесіндей жарқыраған азаматтар. Биыл қасиетті өнер ордасы – «Алатау» дәстүрлі өнер театрының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осы он жылдық тарихтың әр күнінде маңдай тері сіңген, театрмен бірге түлеп, театрмен бірге тыныстаған азаматтардың еңбегі ұшан-теңіз. Солардың бірі – инженер-электрик қызметін абыроймен атқарып келе жатқан Рашид Асқарұлы Күзембаев.

Фото: Рашид Күзембаев / «Алатау» театры баспасөз қызметінен
Рашид Асқарұлы 1968 жылдың 15 желтоқсанында қасиетті Жетісу жері, Талдықорған облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Жастайынан еңбекке жақын болып өскен азамат 1983-1987 жылдары Талдықорған қаласындағы Копсуский Сольхоз Техникумында білім алып, техник-электромеханик мамандығын меңгерді. Кейін азаматтық борышын абыроймен өтеп, елге оралған соң еңбек майданына араласты.
Өмірдің әр белесінде адал еңбекті серік еткен ол Талдықорған облысындағы ауыл шаруашылығы саласында бас энергетик болып қызмет атқарды. Алматы қаласындағы өндіріс орындарында тәжірибе жинақтап, техникалық саланың қыр-сырын терең меңгерді. Ал 2006 жылдан бастап мәдениет пен өнердің қасиетті қара шаңырақтарында еңбек етіп, сахна әлемінің үнсіз жанашырына айналды.
Театр деген – тек актер мен көрерменнің ортасындағы байланыс емес. Оның ар жағында мыңдаған шырақтың жарығын жағып, әр дыбыстың мінсіз шығуына, сахнаның тыныс алуына қызмет ететін көзге көрінбес еңбек иелері тұрады. Рашид Асқарұлы – сондай жандардың бірі.
2016 жылы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының табалдырығын аттаған күннен бастап, бүгінге дейін театрдың техникалық тынысын қамтамасыз етіп келеді. Оның қолының табы қалған әр сымда, әр шамда, әр сахна сәулесінде маңдай тер мен адалдықтың ізі бар.
Театрдың он жылдық шежіресі тек сахнадағы қошеметпен ғана өлшенбейді. Оның әр жетістігінің артында үнсіз еңбек етіп, өнер ордасының тынысын тірілтіп жүрген жандардың маңдай тері мен адал қызметі жатыр. Көрерменнің көңіліне қуаныш сыйлаған әр концерт пен қойылымның артында Рашид Асқарұлы сынды қарапайым да қайсар азаматтардың үнсіз еңбегі жатыр. Өнердің шамын сөндірмей, руханияттың отын маздатып жүрген осындай азаматтар барда театрдың ғұмыры ұзақ, келешегі кемел болмақ.