Ертісте қайық аударылды: бір адам екінші күннен бері табылмай жатыр

Ертісте қайық аударылды: бір адам екінші күннен бері табылмай жатыр
Павлодар облысы ТЖД

Павлодар облысында Ертіс өзенінде аударылып кеткен қайықтағы бес адамның бірі әлі табылмай жатыр. Құтқарушылар ер адамды екінші күннен бері іздестіруде, деп хабарлайды ult.kz.

Павлодар облысының төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, іздеу жұмыстарына жедел-құтқару жасағының алты қызметкері, үш жүзу құралы және эхолоттар жұмылдырылған.

Эхолоттың көмегімен Ертіс өзенінің түбінің 35 шақырымы зерттелген. Сонымен қатар сүңгуірлер 11 рет суға түсіп, өзен түбінің шамамен 5 мың шаршы метр аумағын тексерген.

Оқиға Жанауыл ауылының маңында болған. Бұл жерде алюминий қайық аударылып кеткен. Оның ішінде бес адам болған. Төртеуі өз бетімен жағаға шыққан. Ал 1983 жылы туған ер адам суға батып кеткен болуы мүмкін.

Қазіргі уақытта іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.