Ұлытау облысы Ұлытау ауданында бір күн бұрын жоғалып кеткен 60 жастағы ер адам табылды, деп хабарлайды ult.kz.
Бүгін күндіз құтқарушыларға Шеңбер ауылдық округінде 1966 жылы туған ер адамның 12 қыркүйек күні кешке Домбығұл қыстауындағы үйінен шығып, қайта оралмағаны туралы хабарлама түскен. Оның жанында ұялы телефоны болмаған.
Іздеу жұмыстарына ТЖД қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, жергілікті тұрғындар, сондай-ақ «Ауыл құтқарушылары» еріктілері жұмылдырылды.
Аумақты барлау барысында құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппаратын және спутниктік байланысты пайдаланды.
Іздеу жұмыстарының нәтижесінде ер адам Домбығұл қыстауынан солтүстікке қарай 8 шақырым жерден табылды.