Өмір бойына сотталған Сәрсемәлиевтің бес баласының қазіргі жағдайы белгілі болды

Өмір бойына сотталған Сәрсемәлиевтің бес баласының қазіргі жағдайы белгілі болды
Сурет ашық дереккөзден алынған

Атырау облысында жұбайының туыстарын өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиевтің бес кәмелетке толмаған баласының қазіргі жағдайы белгілі болды, деп хабарлайды ult.kz, Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап. 

Мәліметке сәйкес, балалар қазір мемлекет қамқорлығында. Олардың төртеуі Атырау облыстық кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында тәрбиеленіп жатыр. Ал ең кенже сәби мамандандырылған сәбилер үйіне орналастырылған. 

Орталық өкілдерінің айтуынша, балалардың денсаулық жағдайы жақсы. Олармен тұрақты түрде дәрігерлер мен психологтар жұмыс жүргізуде. Әкесі мен әжесі балаларға аптасына бір рет барып тұрады. Анасының туыстары да бірнеше мәрте барған. 

Қазіргі уақытта балаларды қамқорлығына алуға туыстарынан ресми өтініш түспеген. Ал олардың анасы Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты ата-ана құқығынан айыру мәселесі әлі қаралып жатыр. Егер емделіп, әрекетке қабілетті деп танылса, заң аясында балаларын өз қамқорлығына қайтаруға құқылы болады. 

Еске салайық, бұған дейін Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Сұлтан Сәрсемәлиевті бірнеше адамды өлтіру, алаяқтық, ұрлық, құжаттарды қолдан жасау және автокөлікті заңсыз иемдену баптары бойынша кінәлі деп танып, өмір бойына бас бостандығынан айырған болатын. Сонымен қатар сот оны жәбірленушілерге 40 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.