Әлеуметтік желіде ақын, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің жаңа видеосы тарады, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесу барысында ғалым Мұхит-Ардагер Сыдықназаров оған өз кітабын сыйлап, ғылыми зерттеулері туралы әңгімелесті.
Олжас Сүлейменов ғалымның еңбегіне жоғары баға беріп, ақ батасын берген.
Алайда видеоны көрген желі қолданушылары ақынның денсаулығына алаңдап, оған ақжарма тілектерін жаудырып жатыр.
Олжас Омарұлы Сүлейменов – ақын, жазушы, әдебиеттанушы, қоғам және мемлекет қайраткері, дипломат. Ол қазақ әдебиетін халықаралық деңгейге танытып қана қоймай, ядролық қарусыздану жолындағы күресімен де әлемге кеңінен танылды.

Олжас Сүлейменов 1936 жылғы 18 мамырда Алматы қаласында дүниеге келген. 1959 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ) геология факультетін тәмамдап, кейін Мәскеудегі Максим Горький атындағы Әдебиет институтында білім алған. Еңбек жолында «Казахстанская правда» газетінде, «Простор» журналында, «Қазақфильм» киностудиясында қызмет атқарды. Сондай-ақ Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы, Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы болды. Кейін Қазақстанның Италия, Грекия және Мальтадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін атқарды.
Ақынның шығармашылық жолы 1961 жылы жарық көрген «Адамға табын, Жер, енді!»поэмасынан бастау алды. Бұл шығарма Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуына арналды және авторды бірден Кеңес Одағына ғана емес, әлем әдебиетіне танытты. Кейін «Арғымақтар», «Қыш кітап», «Түн – Париж», «Ақ өзендер үстіндегі шағала» сынды көптеген поэзиялық жинақтары жарық көрді.

Олжас Сүлейменовтің ең көп талқыланған еңбектерінің бірі – «Аз и Я» кітабы. Бұл зерттеу түркі халықтарының тарихы мен мәдениетіне жаңа көзқарас ұсынып, өз дәуірінде үлкен ғылыми әрі қоғамдық пікірталас тудырды. Кітаптың маңызы бүгінгі күнге дейін сақталып келеді.
1989 жылы Олжас Сүлейменов бастамашы болған «Невада – Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы әлемдегі ең ықпалды қоғамдық бастамалардың біріне айналды. Қозғалыс Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына және ядролық сынақтарға қарсы халықаралық қозғалыстың күшеюіне елеулі үлес қосты.

Әдебиет пен қоғам алдындағы еңбегі үшін Олжас Сүлейменов көптеген мемлекеттік және халықаралық марапаттарға ие болды. Ол – Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері, сондай-ақ бірқатар шетелдік ордендер мен сыйлықтардың иегері. 2026 жылы қаламгердің 90 жылдық мерейтойына орай Қазақстанда халықаралық форумдар, көрмелер мен мәдени іс-шаралар ұйымдастырылды.
Бүгінде Олжас Сүлейменов қазақ әдебиеті мен мәдениетінің ғана емес, бейбітшілік пен адамзат құндылықтарын дәріптеген әлемдік деңгейдегі тұлғалардың бірі ретінде бағаланады. Оның шығармалары мен қоғамдық қызметі бірнеше буынға үлгі болып, қазақ руханиятының алтын қорынан лайықты орын алды.