Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов қазақстандық өндірістің тауарларын орналастыруға сауда желілерінің тәсілдерін қайта қарау қажеттігін және отандық тауарлардың залалына импорттық өнімнің артықшылықтарын беруге жол бермеу қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды ult.kz.
«Халық тұтынатын тауарларды шығаратын отандық өндірушілер көп жағдайда сауда алаңдарына қол жеткізе алмайды, оның ішінде жалдау ақысының жоғары болуына байланысты қиындықтар да бар. Бұл ішкі нарықта қазақстандық өнімнің үлесін кеңейтуге кедергі келтіріп, оның бәсекеге қабілеттілігін төмендетеді.
Сауда желілерінің иелері қазақстандық тауарларға деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге тиіс деп санаймын. Отандық өнімнен бұрын импорттық тауарларға басымдық беру құқықтық жағынан ғана емес, моральдық тұрғыдан да дұрыс емес», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сауда министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен, өңір әкімдіктерімен және «Атамекен» палатасымен бірлесіп, тауарлардың барлық санаттарын, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп пен тұрмыстық химия өнімдерін шығаратын отандық өндірушілерге сауда алаңдарын жалға алудың қолайлы шарттарын ұсынудың нақты тетіктерін әзірлеу тапсырылды.
Оқи отырыңыз: Ішкі нарықтағы отандық өнімнің үлесі артып келеді: бірінші жартыжылдықта азық-түлік өндірісінің көлемі шамамен 10%-ға өсті
Сонымен қатар Премьер-министр қазақстандық өндірушілерді негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғау қажеттігін атап өтті.
«Қазақстанда өндірілетін танымал тауарларды, атап айтқанда, азық-түлік және кондитерлік өнімдерді қаралау үшін әдейі ұйымдастырылған ақпараттық науқандар орын алуда. Мұның барлығының көздеген мақсаты бір – бәсекелестерді нарықтан ығыстырып, олардың орнын иемденіп қалу. Мәдениет және ақпарат министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, “Қазақстанда жасалған” ұлттық брендін ілгерілетуге, отандық тауарларды кеңінен дәріптеуге және оларды негізсіз ақпараттық шабуылдардан қорғауға бағытталған бірыңғай ақпараттық науқанның жүргізілуін қамтамасыз етсін», — деп атап өтті Премьер-министр.