Жетісу облысының Ақсу ауданына қарасты Қызылағаш ауылында жұрттың жағасын ұстатқан оқиға болды. Белгісіз біреу сиырдың үстіне еден бояуын құйып, жануардың бүйіріне «Өлтіремін» деген жазу жазған, деп хабарлайды ult.kz.
Сиыр иесі Серік Сапировтың айтуынша, мұндай әрекетке әлдекім малдың өзгенің бақшасына кіріп кеткеніне ашуланып барған болуы мүмкін. Оның сөзінше, бояу сиырдың көзіне дейін тиіп, жануарға зиян келтірген.
«Егер менің сиырым біреудің ауласына кіріп, шөбін жеп қойса, ауылдастардан кешірім сұраймын. Бірақ бұл жануарды қорлап, азаптауға себеп болмауы керек. Мәселені адамша сөйлесіп те шешуге болатын еді», – дейді ол.
Оқиғадан кейін мал иесі Ақсу аудандық полициясына арыз жазып, кінәлілерді анықтауды талап еткен.
Бұл жағдай әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып, жергілікті тұрғындардың наразылығын тудырды. Ауыл халқы жануарға қатыгездік танытқандар жауапқа тартылуы тиіс деп есептейді.