Freedom Inside '26

Ойын алаңы жанындағы оқиға: 10 жастағы бала токқа түсті

Ойын алаңы жанындағы оқиға: 10 жастағы бала токқа түсті
pixabay

Қарағанды облысының Долинка кентінде 10 жастағы бала жоғары кернеулі ток соғып, ауыр жағдайда ауруханаға түсті. Қазір ол жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр, деп хабарлайды ult.kz.

Оқиға балалар ойын алаңынан бірнеше метр жерде орналасқан электр жеткізу желісінің тірегінде болған. Туыстарының айтуынша, бала достарымен бірге ойнап жүріп, электр бағанына өрмелеген. Куәгерлердің сөзінше, ол сымдарға қол тигізбегенімен, жоғары кернеулі желінің электр доғасының әсеріне ұшыраған.

Балалар қатты дыбысты естіп, баланың ес-түссіз жерге құлағанын көрген. Алғашқылардың бірі болып көршісі көмекке жүгіріп келіп, жедел жәрдем жеткенше қолдан тыныс алдыру шараларын жасаған.

«Көмек сәл кешіккенде, қайғылы жағдай болуы мүмкін еді», – дейді баланың әпкесі Анастасия Рабиза.

Ток соғуы мен биіктіктен құлау салдарынан бала ауыр жарақат алған. Туыстарының мәліметінше, жүрегі, өкпесі, басы, омыртқасы және ішкі ағзалары зақымданған. Қолдары мен иығында күйік іздері бар.

Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының Балалар хирургиясы орталығының жетекшісі Бейбіт Бердібековтің айтуынша, науқастың жағдайы ауыр болғанымен тұрақты.

«Қазіргі уақытта бала қарқынды терапия бөлімінде жатыр. Емдеу толық көлемде жүргізілуде», – деді дәрігер.

Оқиғадан кейін отбасы мүшелері электр тірегіне апаратын соқпақ жолдың бар екенін байқаған. Олардың айтуынша, қауіпті нысанның маңында қоршау да, ескерту белгілері де жоқ.

Туыстары балалар жиі жүретін аумақта орналасқан электр желісі тірегінің қауіпсіздігіне қатысты шаралар қабылдауды талап етіп отыр.

Қарағанды облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға бойынша материалдар Қарағанды облысы бойынша Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің аумақтық департаментіне жолданған. Тексеру нәтижесіне сәйкес құқықтық баға берілмек.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр.