Freedom Inside '26

«Өгей әкем зорлады»: Полиция блогер Джузефинаның мәлімдемелерін тексеріп жатыр

«Өгей әкем зорлады»: Полиция блогер Джузефинаның мәлімдемелерін тексеріп жатыр
Ашық дереккөзден

Джузефина лақап атымен танылған блогер Жұлдыз Жауынбаеваға қатысты әлеуметтік желідегі даулы тікелей эфирлерден кейін әкімшілік іс қозғалды, деп хабарлайды ult.kz.

Қостанай облыстық полиция департаментінің мәліметінше, блогердің бейнежазбалары әлеуметтік желілерде кеңінен тараған. Тексеру барысында оның тікелей эфир кезінде бейәдеп сөздер айтып, қоғамдық тәртіпке қайшы әрекеттер жасағаны анықталған.

Полиция қызметкерлері жарияланған материалдарды зерттеп, блогердің туыстарынан түсініктеме алған. Ведомствоның хабарлауынша, қыздың ата-анасы эфир барысында айтылған мәліметтердің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеген. Сондай-ақ олар қыздарымен ұзақ уақыттан бері байланыста болмағандарын айтқан.

Қазіргі уақытта полиция барлық тараптың уәждерін тексеріп жатыр. Ата-анасының арызы негізінде жалған ақпарат таратты деген дерек бойынша әкімшілік іс қозғалған. Сонымен қатар блогер ұсақ бұзақылық фактісі бойынша да жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Полиция азаматтарды әлеуметтік желілерде таратылатын ақпараттың дұрыстығына жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Еске салайық, Жұлдыз Жауынбаева бұған дейін тікелей эфирде отбасысына қатысты ауыр айыптаулар айтып, қоғамда қызу талқы тудырған болатын.

Сондай-ақ блогер мен әнші Qanay арасында әлеуметтік желіде дау туғаны хабарланған. Жауынбаева әншіге қатысты жазбалар жариялап, оның әрекеттерін сынға алған. Өз кезегінде блогер көпшілік алдында «барлық шындықты айтуға дайын екенін» мәлімдеген.