Нұркен Әшіров: Күйшілер одағын құру мәселесі қолдау тапса

Нұркен Әшіров: Күйшілер одағын құру мәселесі қолдау тапса

Кеше ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық домбыра күні туралы жарлыққа қол қойды. Бұл жағымды жаңалық көпшілік тарапынан қызу қолдау тауып, айрықша ілтипатқа ие болды. 

1 шілде күні, сағат 11.30-12.30-да еліміздің бас­ты алаңы «Қазақ елі» мону­менті­нің алдында, домбыра думаны басталмақ.

Осы орайда, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл атындағы филармонияның солисі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, танымал күйші Нұркен Әшіровті сөзге тартқан едік. 

- Нұркен мырза, шырайлы шілденің алғашқы жұлдызында өткелі жатқан «Ұлттық домбыра күні» мейрамының халық үшін, оның ішінде жаңа талап жас буын үшін берері не?

- Әрине, біздің ұлттық аспабымыз домбыраны ұлықтап, осындай мереке жасап жатқандары қуантарлық жағдай. Бұл біздің күйшілердің көкейінде жүрген мәселе еді.  Қазақстанның әр аймағында домбырашылар мен қылқобызшылар баршылық. Бір кездері солардың бәрінің босын қосу үшін «Күйшілер одағын» құру туралы ой пайда боп, оның алғышарттарын жасап та үлгергенбіз. Хат жазылып, ар жағы аяқсыз қалғандай болып тұрғанда, міне, осындай ауқымды жоба қолға алынып жатыр. Бұл бастама – болашаққа бастар үлкен қадамдардың бірі деп қабылдаймыз. Бұйыртса, өзіміз де қатыссақ деп ниеттеніп жатырмыз.

- Қазақ қуанса да, қайғырса да домбыраға қол созған, жан дүниесіндегі аласапыран сезімдерді күймен тербеп, жұбатқан. Қанында да, жанында да күй ойнаған ұлт бүгінгі күні өзінің төл өнерін қаншалықты дәріптей алып жатыр?

- Бізге дәстүрлі музыкамызды, ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін кешегі «Алтыбақан» сынды бағдарламар керек деп есептеймін. Өйткені бұл да – елдің ұлттық идеологиясының бір ұстыны. «Мен қазақпын» бағдарламасын бұрын-соңды болмаған сәтті жоба деп қабылдар болсақ та, ол жерде конкурсқа қатысуға тек жастар жағы ғана талаптанып көре алады. Ал, мұндай жағдайда қазақтың мүйізі қарағайдай күйшілері сырт қалып жатады. Өйткені олар өздерінен бірнеше жас кіші қыз-жігіттермен бәсекеге түсе алмайды. Мемлекетік арналар олардың да өнерін насихаттар болса, бұл марғасқалардың қалың жұртшылыққа берері көп. Осы тұрғыдан қарағанда, үлкен аға-әпкелерімізге, майталман өнерпаздарымызға да бір жерден төр беру керек.

Бұл жерде енді «заман түлкі болса, тазы боп шал» деген әңгіме ғой. Мүмкін белгілі бір дәрежеде ұлттық өнерді насихаттап жүрген бізді сөгуге болатын шығар. Бірақ, меніңше, дәл сол өнерпаздар қазақтың дәстүрлі өнерін саф, таза күйінде сақтап, келесі ұрпаққа жеткізуге тырысып жүр. Ал, егер өнерпаз ақша табу мен танымал болуды ғана ойласа, онда өнер екінші орында қалып қоймақ. 

- Жақсы мәселе көтердіңіз. Заманға сай икемделудің де жөн-жосығы бары анық. Асыра сілтеудің аяғы күй өнерінің табиғатын бұзып жіберіп жатқан жоқ па?

- Әрине. Эстрадалық бағыт та дами берсін. Оған қарсылығым жоқ. Жаңа дәуірмен бірге небір жаңалықтар болып, әртүрлі стильдер де еніп жатыр. Сол жаңа үлгілердің біздің табиғатымызға жақын тұстарын алып, өзгеше дүние жасауға тырысқанымыз абзал. Мысалы нағыз ұлттық құндылықтарын қастерлейтін Жапония, Корея секілді елдер қарапайым ғана аспаптық музыкасын, яғни төл әуендерін аспандатып, ғасырлар бойы қадір-қасиетін түсірмей, бағалап келеді. Оның жанында біздің күйлер мен олардың музыкасының арасы жер мен көктей. Салыстырмалы түрде біздің күйлер симфония секілді естіледі. Бірақ сол ортақол құндылақтарының өзін олар ұлықтап, Ұлттық өнер театрына дейін ашып қойған. Сөйтіп үлкен насихат жұмыстарын жүргізеді. 

Бізде де жаңалықтар жоқ емес. Мысалы, былтыр ғана Алматыда «Алатау» Ұлттық дәстүрлі өнер театры ашылды. Бұл да бір көптен күткен ұлы қуаныш.

- Жаңа бастама «Рухани жаңғырудың» бір ұстыны ғой. Бұдан бөлек еліміздің әр тарабында күйшілік өнерді дәріптейтін кештер мен кездесулер өткізіліп, кешегі ұлылардың, бүгінгі таланттардың есімдері мен шығармашылығы елеп-ескеріліп жатыр. Осынау жаңа кезең – бекзада өнердің қайта түлер кезі деуге келе ме?

- Әрине, ұлттық өнердің қайта жаңғыруы деп айтуға да болатын шығар. Түлеу деген құбылыстың өзі араға уақыт сап циклді, қайталанып келетін нәрсе ғой. Мысалы, төл өнеріміз 90 жылдарға дейін өзінің бір дәуренін өткерді, әріректегі 19 ғасырда болсын, 20 ғасырдың 30-шы жылдары болсын. Бұл сол бір айтулы кезеңнің басы шығар деп бағамдауға болады. Ол үшін әлі де ауқымды жұмыстар атқару қажет. 

 - Сұхбатыңызға рахмет!