«Қазгидромет» РМК мәліметінше, 21 мамыр күні Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы күтіледі. Бұл туралы ult.kz сайты ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.
Синоптиктердің болжамынша, елдің солтүстік және орталық аймақтарында ауа температурасы күрт төмендеп, түнгі уақытта үсік жүруі мүмкін.
Сонымен қатар республиканың басым бөлігінде нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, екпінді жел соғып, кей жерлерде ірі бұршақ түсуі ықтимал.
Ал батыс және оңтүстік-батыс өңірлерде шаңды дауыл тұрып, аптап ыстық сақталады деп күтілуде.
Мамандардың айтуынша, жауын-шашынға қарамастан, еліміздің көптеген аймағында жоғары өрт қаупі сақталып отыр.
Осыған байланысты ҚР ТЖМ тұрғындарға ауа райы туралы ескертулерді қадағалауға және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға кеңес берді.
Құтқарушылар әсіресе табиғат аясында от жақпауға, құрғақ шөп пен қоқысты өртемеуге шақырды.