Нұрғиса Тілендиевтің қызы ана атанды

Нұрғиса Тілендиевтің қызы ана атанды
Коллаж: Turkistan.kz

Қазақтың әйгілі композиторы, күйші Нұрғиса Тілендиевтің қызы Дінзухра Тілендиева сүйінші жаңалығын бөлісті. Өнер иесі отбасында қуанышты жағдай болғанын айтып, әлеуметтік желідегі парақшасында кішкентайы дүниеге келгенін жариялады, деп хабарлайды ult.kz.

Алайда Дінзухра Тілендиева сәбиінің ұл немесе қыз екенін әзірге ашып айтпаған. Ол қуанышты жаңалығын көпшілікпен бөліскенімен, баланың есімі мен дүниеге келген күні туралы да толық ақпарат бермеді.

Желі қолданушылары өнер иесін қуанышты жаңалығымен құттықтап, сәбиге ақ тілектерін жаудырды. Көпшілік «Бауы берік болсын!», «Сәбидің ғұмыры ұзақ болсын!», «Ата-анасына қуаныш сыйласын!» деген ізгі тілектерін білдіріп жатыр.

Дінзухра Тілендиева – қазақ өнерінің көрнекті тұлғасы Нұрғиса Тілендиевтің қызы. Ол әкесі негізін қалаған «Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері қызметін атқарады.

Өнер жолын әкесінің шығармашылық мұрасымен сабақтастырып келе жатқан Дінзухра Тілендиева Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған. Ол Нұрғиса Тілендиевтің шығармаларын насихаттап, ұлттық музыка өнерінің дамуына үлес қосып келеді.