Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл

"Кейде қиын": Дариға Бадықова Олжас Абаймен өмірі туралы айтты

"Кейде қиын": Дариға Бадықова Олжас Абаймен өмірі туралы айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Танымал актриса Дариға Бадықова мен актер Олжас Абай шаңырақ көтергеннен кейінгі өмірлері туралы ашық айтты. Өнер иелері отбасындағы келіспеушіліктерді қалай шешетінін және соңғы сөз кімде қалатынын бөлісті, деп хабарлайды ult.kz.

Өнерлі жұп "Айхай Show" бағдарламасына қонақ болып, жүргізушілердің жеке өмірлеріне қатысты сауалдарына жауап берді.

Бағдарлама барысында жүргізушілер Дариға мен Олжастың отбасын құрғанына тура бір ай бір апта болғанын еске салып, осы уақыт ішінде бір-бірінің мінезіне үйренісіп үлгерген-үлгермегенін сұрады. Актриса ерлі-зайыптылардың өмірінде түрлі кезең болатынын жасырмады.

"Кейде қиын, кейде жеңіл. Өмір сияқты адам да бір қалыпта тұрмайды. Сан түрлі болып өмір сүріп жатырмыз", – деді Дариға Бадықова.

Оның бұл жауабы жүргізуші Қайрат Әділгерейдің әзіл айтуына түрткі болды. Әзілкеш актрисаның сөз саптауынан жұбайын тәрбиелеп жүргендей әсер алғанын айтып, студиядағыларды күлдірді.

"Дариғаның жауабына қарасаң, интонациясы жағынан өзі тәрбиелеп жатқан сияқты ғой. Бала бағу қиын, құрсын, тіл алмайды деген сияқты", – деп әзілдеді Қайрат Әділгерей.

Әңгіме барысында жүргізушілер екі актердің де бойында көшбасшылық қасиет барын айтып, бір шаңырақ астында екі басшының тіл табысуы қаншалықты оңай екенін сұрады. Сондай-ақ отбасында соңғы шешімді кім қабылдайтынын білгісі келді. Бұл сұраққа Олжас Абай жауап беріп, екеуінің ортақ шешімге қалай келетінін түсіндірді.

"Мен түсіндіріп айта кетейін. Бізде соңғы шешім деген жоқ. Бір мәселе шықса, ол өз ойын, мен өз ойымды айтамын. Қайсымыздың айтқан сөзіміз не ойы шешімге жақын, сол соңғы сөз болып қалыптасады", – деді актер.

Ал Дариға Бадықова отбасылық өмірде ерлі-зайыптылардың бір-біріне құрметпен қарауы маңызды екенін атап өтті. Оның пікірінше, шаңырақтағы мәселені ер мен әйелдің билікке таласы деп қарастыру дұрыс емес.

"Әзіл әзілімен ғой. Десе де, бір-бірінің ойына, көзқарасына сыйластықпен қарау керек. Біз бұрынғы "сен еркек, мен әйел" дегеннен кетуіміз керек ақырын. Сол себепті бізде көбінесе сыйластық шығар", – деді актриса.

Осылайша, өнерлі жұп отбасында бір адамның айтқаны ғана орындалмайтынын, туындаған мәселелерді ақылдасып шешуге тырысатынын жеткізді.