Нұрай Серікбай ісі: тергеу қашан аяқталып, сот қашан басталатыны белгілі болды

Нұрай Серікбай ісі: тергеу қашан аяқталып, сот қашан басталатыны белгілі болды
«Қоғам көрсе, қорғайды»: Нұрай Серікбайдың ағасы сотты ашық, онлайн өткізуді талап етті

Шымкентте қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталу кезеңіне жетті. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Сенат кулуарында мәлімдеді., деп хабарлайды ult.kz.

Оның айтуынша, аталған іс бойынша тергеу жұмыстары маусым айында толық аяқталып, кейін қылмыстық іс материалдары сотқа жолданады.

Еске салайық, биыл 11 қаңтарда Шымкенттегі көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің маңынан 21 жастағы қыздың мәйіті табылған еді. Куәгерлер оның денесінде пышақ жарақаттары болғанын айтқан. Кейін полиция күдіктінің марқұммен бұрыннан таныс болғанын хабарлады.

13 қаңтар күні жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында құқық қорғау органдары 28 жастағы ер адамды ұстап, оған «Адам өлтіру» бабы бойынша айып тақты. Сот күдіктіні қамауға алу туралы шешім шығарған.

Марқұмның туған ағасының айтуынша, Нұрай күдіктімен шамамен бір жыл бойы таныс болған. Оның сөзінше, ер адам қызды алып қашуға әрекет жасап, кейін де аңдып, қоқан-лоқы көрсеткен.

Резонанс тудырған оқиғадан кейін Шымкент қалалық полиция департаментінің басшысы Нұрлан Алмасбеков қызметінен босатылды. Сондай-ақ оның бірінші орынбасары мен бірқатар лауазымды қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылып, қызметтерінен кеткен.

Бұдан бөлек, Нұрай Серікбайдың өліміне байланысты Қылмыстық кодекстің 125-1-бабы («Неке қиюға мәжбүрлеу») бойынша тағы бір қылмыстық іс қозғалған.

Қазіргі таңда тергеу аяқталуға жақын. Іс маусым айында сот қарауына жолданады деп жоспарланып отыр.