Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша Шерхан Аймаханның қорғаушылары сот үкіміне апелляциялық шағым берді. Бұл ақпаратты марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мен жәбірленуші тараптың адвокаты Аянхан Омаров растады, деп хабарлайды ult.kz.
Олардың айтуынша, шағымның түскені туралы хабарлама 28 тамызда «Сот кабинеті» арқылы келген. Апелляциялық сот бірінші инстанция үкімін өзгертуге немесе күшін жоюға, сондай-ақ жекелеген айыптар бойынша шешімді қайта қарауға құқылы.
Адвокаттың сөзінше, апелляциялық талқылау кезінде қосымша сараптамалар, соның ішінде сот-психиатриялық сараптама тағайындалуы мүмкін. Бұл мәселе істі қайта қарау барысында шешіледі.
Қазір жәбірленуші тарап апелляциялық шағыммен танысып, оған қарсылық дайындап жатыр. Іс алдағы уақытта апелляциялық сотта қаралады.
Сонымен қатар Нұрай Серікбайдың өліміне дейінгі оқиғаларды тергеген бұрынғы тергеуші Әбілғазы Артықбайға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бұл ақпаратты Шымкент қаласының полиция департаменті растады.
Артықбай бұған дейін сотта куәгер ретінде жауап беріп, Нұрайдың Шерхан Аймаханмен өз еркімен бірге барғанын және ешкімге шағымы болмағанын айтқан еді.
Полиция бұрынғы тергеушіге қатысты істің тергеліп жатқанын хабарлады. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер әзірге жарияланбайды.