Нотариусты таңдаудағы тәртіп өзгерді: пәтерді енді кез келген жерде сата алмайсыз

Нотариусты таңдаудағы тәртіп өзгерді: пәтерді енді кез келген жерде сата алмайсыз
istockphoto.com

2026 жылдың 8 қыркүйектен бастап Қазақстанда жылжымайтын мүлікті сату, сыйға тарту немесе кепілге қою туралы шартты тек нысан орналасқан жердегі нотариус куәландыра алады. Бұған дейін меншік иесі өзіне ыңғайлы кез келген нотариусқа жүгіне алатын. Енді мұндай мүмкіндік болмайды, деп хабарлайды ult.kz.

Бұл норма «Нотариат туралы» заңның 54-бабында бекітілген. 2026 жылғы 8 шілдедегі заңмен бапқа 2-1-тармақ қосылды. Онда:

«Тіркелуге жататын жылжымайтын мүлікті иеліктен шығару және кепілге қою туралы шартты куәландыру осы мүлік орналасқан жер бойынша жүргізіледі», деп көрсетілген.

Заң шілде айында жарияланып, 60 күнтізбелік күн өткен соң, яғни 8 қыркүйектен бастап күшіне енді.

Мүліктің орналасқан жері нотариустың қызмет аумағымен байланысты. Ал нотариустың қызмет аумағы нотариаттық округ шегінде белгіленеді. Заңның 20-бабына сәйкес, нотариаттық округ – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың немесе астананың аумағы.

Сонымен қатар заңның 21-бабына да өзгерістер енгізілді. Енді 54-бап нотариус қызметінің аумағын сақтауды талап ететін нотариаттық әрекеттер тізіміне тікелей енгізілген. Ал нотариус кеңсесінен тыс жерде нотариаттық әрекеттерді тек өз нотариаттық округі шегінде жасауға рұқсат етіледі.

Бұл өзгерістің қарапайым азаматтарға қалай әсер ететінін нотариус Карина Төлепова өзінің блогында түсіндірді:

«Бүгін жаңа ереже күшіне енді: егер жылжымайтын мүлікті сатсаңыз, сыйға тартсаңыз немесе кепілге қойсаңыз, шартты тек сол мүлік орналасқан қаладағы нотариус куәландырады. Пәтер Алматыда болса – Алматыдағы нотариусқа барасыз. Үй Шымкентте болса – нотариус тек Шымкентте. Астанадағы өзіңізге ыңғайлы нотариус енді көмектесе алмайды».

Басқа өңірде тұратын меншік иесінің енді екі жолы бар. Алайда екі жағдайда да қосымша шығын қарастырылған. Нотариус бұл туралы былай түсіндірді:

«Бұл жағдайда сенімхат жаздырып, оған тең мәнділігін растауыңыз керек және осының бәрі үшін нотариусқа қосымша ақы төлейсіз. Немесе жылжымайтын мүлік орналасқан қалаға барып келуге тура келеді».

Мұнда нотариус қағаз түріндегі құжаттың электрондық құжатқа және керісінше тең мәнділігін растайтын нотариаттық әрекет туралы сөз болып отыр. Бұл әрекет Нотариаттық әрекеттер жасау қағидаларында бекітілген тізімге енгізілген және сенімхатты басқа қалаға электрондық түрде жіберуге мүмкіндік береді.

Бұл әрекеттердің әрқайсысы Әділет министрінің бұйрығымен бекітілген мөлшерлемелер бойынша жеке төленеді.

Алдағы уақытта жылжымайтын мүлік бойынша мәміле жасауды жоспарлаған азаматтарға екі жайтты алдын ала тексерген жөн.

Біріншіден, нотариус сатушы мен сатып алушының қай жерде тұратынына қарамастан, мүлік орналасқан аумақта қызмет етуі керек.

Екіншіден, егер мүлік орналасқан қалаға бару мүмкін болмаса, сенімхатты алдын ала рәсімдеген жөн. Бұл ретте мәміле бюджетіне сенімхаттың өзін және оған тең мәнділігін растау шығындарын да қосу қажет.