Қазақстанның бірқатар өңірінде 1 шілдеде қолайсыз ауа райы сақталады, деп хабарлайды Ult.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, елдің батысы мен солтүстігінде нөсер жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел күтіледі. Ал шығыс өңірлерде аптап ыстық сақталып, өрт қаупі күшейеді.
Бұған дейін жарияланған дауылды ескертуге сәйкес, 29 маусым мен 2 шілде аралығында Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Ақтөбе облыстарында қатты жаңбыр жалғасады. Ал 29 маусым мен 5 шілде аралығында Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар және Ұлытау облыстарында да нөсер жауын күтіледі.
Сонымен қатар, 1-5 шілде аралығында Абай және Шығыс Қазақстан облыстарында күндіз ауа температурасы 30-38 градусқа дейін көтеріліп, қатты ыстық сақталады. Осыған байланысты аталған өңірлерде жоғары және төтенше өрт қаупі жарияланған.
1 шілдеде Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Павлодар облыстарында жаңбыр, найзағай, кей жерлерде қатты жаңбыр, бұршақ, дауыл және секундына 15-28 метрге дейін жететін екпінді жел болжанып отыр.
Орталық және шығыс өңірлерде де ауа райы құбылмалы болады. Қарағанды, Ұлытау, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар ауданында жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді. Абай облысында күндіз ауа температурасы 35-37 градусқа, ал Шығыс Қазақстан облысында 35-36 градусқа дейін көтеріледі.
Оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде де тұрақсыз ауа райы күтіледі. Алматы, Жетісу, Жамбыл, Түркістан және Қызылорда облыстарының кей жерлерінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, дауыл және екпінді жел болады. Алматы облысында кей аудандарда шаңды дауыл болжанған. Алматы қаласында түнде қатты жаңбыр жаууы мүмкін.
Елордада 1 шілдеде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, күндіз бұршақ түсіп, дауыл тұруы ықтимал. Желдің екпіні секундына 15-20 метрге дейін жетеді.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының қолайсыздығына байланысты алыс жолға шыққанда сақ болуға, дауыл кезінде қауіпсіздік шараларын сақтауға және өрт қаупі жоғары өңірлерде отты абайлап пайдалануға кеңес береді.