Freedom Inside '26

Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь Қазақстанға келіп, жас жазушылармен кездесті

Нобель сыйлығының лауреаты Мо Янь Қазақстанға келіп, жас жазушылармен кездесті
Жазушылар Одағы

Әлем әдебиетінің көрнекті өкілі, 2012 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты, қытай жазушысы Мо Янь Қазақстанға арнайы сапармен келіп, жас қаламгерлерге дәріс оқыды. Сондай-ақ оның қазақ тіліне аударылған екі кітабының тұсаукесері өтіп, жазушыға ҚазҰУ-дың Құрметті профессоры атағы берілді, деп хабарлайды ult.kz.

Іс-шаралар Қазақстан Жазушылар одағы мен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің стратегиялық әріптестігі аясында жүзеге асырылып жатқан «Жас жазушылардың әдеби шеберлік мектебі» жобасы шеңберінде ұйымдастырылды.

Кездесу барысында Мо Янь көркем шығарма жазудағы тәжірибесімен бөлісіп, әдебиеттегі адам болмысын бейнелеу, шығармашылық ізденіс пен жазушылық жауапкершілік туралы ойларын ортаға салды. Ол жас авторларға шығармашылық еркіндіктің маңызына тоқталып, өмірлік тәжірибені көркем оймен ұштастыру және ұлттық құндылықтарды әдебиет арқылы жеткізу жөнінде кеңес берді.

Сонымен қатар, Әкбар Мәжит пен Мо Яньға «Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Құрметті профессоры» атағы табысталды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл шешім екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланысты нығайтуға және қазақ әдебиетінің халықаралық кеңістіктегі орнын арттыруға бағытталған маңызды қадам болды.

Сапар аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Мо Яньның қазақ тіліне аударылған екі кітабының тұсаукесері өтті. Олардың бірі – жазушының ең танымал туындыларының бірі саналатын The Garlic Ballads («Сарымсақ жыры») романы. Бұл шығарма магиялық реализм элементтері мен өткір әлеуметтік мәселелерді көтеруімен ерекшеленеді. Романды қазақ тіліне Төлеген Меллат аударған.

Сондай-ақ оқырман қауымға жазушының эсселері, сұхбаттары мен әдеби толғаныстары топтастырылған How Are You, Faulkner? («Халіңіз қалай, Фолкнер ағай?») атты публицистикалық жинағы таныстырылды. Қазақ тіліне Еділбек Дүйсен мен Әлихан Махаш аударған бұл жинақта автордың әдебиет, өнер және қоғам туралы көзқарастары қамтылған.

Қазақстан Жазушылар одағының мәліметінше, қазақ тілінде жарық көрген қос кітап әлем әдебиетінің таңдаулы туындыларын қазақ оқырмандарына жақындатып қана қоймай, Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың дамуына да серпін береді.