Әлеуметтік желілерде некенің мерзімін ұзарту қажет деген ақпарат тарады. Алайда Әділет министрлігі бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Ведомствоның мәліметінше, мұндай хабарламалар алаяқтардың әрекеті болуы мүмкін.
Қазақстанның неке-отбасы заңнамасына сәйкес, неке бір рет тіркеледі және оның қолданылу мерзімі шектелмейді. Сондықтан ерлі-зайыптылардың некесін белгілі бір уақыттан кейін қайта ұзартуы немесе тіркеуі талап етілмейді.
Әділет министрлігінің хабарлауынша, неке ерлі-зайыптылардың біреуінің немесе екеуінің өтініші бойынша некені бұзу арқылы, сондай-ақ заңда көзделген басқа жағдайларда тоқтатылуы мүмкін. Некені бұзу тіркеуші орган арқылы немесе сот тәртібімен жүзеге асырылады.
Тіркеуші орган арқылы бұзылған неке мемлекеттік тіркелген күннен бастап, ал сот тәртібімен бұзылған жағдайда сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап тоқтатылған болып есептеледі.
Осыған байланысты министрлік азаматтарды әлеуметтік желідегі күмәнді хабарламаларға сенбеуге шақырды.
«Көрсетілген сілтемелерге өтпей, дербес деректерді бөгде адамдарға ұсынбаңыздар. Дұрыс әрі нақты ақпарат алу үшін ресми дереккөздерге жүгініңіздер», – деп ескертті Әділет министрлігі.
