Freedom Inside '26

Негізгі ҰБТ: 340 мың тест тапсырылып, 715 ереже бұзушылық анықталды

Негізгі ҰБТ: 340 мың тест тапсырылып, 715 ереже бұзушылық анықталды
ашық дереккөз

2026 жылғы 10 мамырда басталған негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) аясында талапкерлер 340 мыңға жуық тест тапсырды, деп хабарлайды ult.kz.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, талапкерлердің:

  • 73%-ы тесті қазақ тілінде;
  • 27%-ы орыс тілінде;
  • 522 адам ағылшын тілінде тапсырған.

Жетінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 70%-ы шекті баллды еңсерген. Бес пән бойынша орташа нәтиже 66 баллды құрады.

Ең жоғары көрсеткіш – 140 баллды Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир жинады.

ҰБТ-ға ерекше білім беру қажеттілігі (ЕБҚ) бар 765 талапкер қатысып, олар үшін арнайы жағдайлар жасалған.

Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұны бойынша емтихан аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Ал техникалық себептерге байланысты апелляциялар тестілеу барысында қабылданады.

Апелляциялар қаралғаннан кейін сертификаттар талапкерлердің жеке кабинеттерінде қолжетімді болады.

ҰБТ-ның жеті аптасында 715 ереже бұзушылық тіркелді.

Олардың ішінде:

  • 422 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуге жіберілмеді;
  • 286 талапкер тестілеу кезінде ережені бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды;
  • бейнежазбаларды тексеру барысында тағы 7 адамның нәтижесі күшін жойды.

Биыл басқа адамның орнына тест тапсыру фактілері тіркелмеген.

Ұлттық тестілеу орталығының хабарлауынша, 2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе өзге де ереже бұзушылықтар анықталса, талапкерлердің ҰБТ нәтижелері жойылады.

Айта кетейік, биыл негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін шамамен 240 мың талапкер екі мүмкіндік бойынша 446 мыңнан астам өтініш берген.