«Назар аударыңыз, балалар!»: мектеп маңында полиция кезекшілігі күшейеді

«Назар аударыңыз, балалар!»: мектеп маңында полиция кезекшілігі күшейеді
polisia.kz

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Осыған байланысты полиция балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын күшейтті, деп хабарлайды ult.kz.

Polisia.kz мәліметінше, елімізде «Назар аударыңыз, балалар!» акциясы басталды. Оның негізгі мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алып, балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.

Оқу жылы қарсаңында мектептер мен басқа да білім беру ұйымдарының маңындағы бақылау күшейтіледі. Полиция жүргізушілерді жылдамдықты асырмай, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

«Балалардың жолға күтпеген жерден шығып қалуы мүмкін екенін әрдайым ескеру қажет», – деп ескертті Ішкі істер министрлігі.

Қазір мектеп маңындағы жаяу жүргіншілер өткелдері, жол белгілері мен жол таңбаларының жағдайы тексеріліп жатыр. Бұдан бөлек, мектеп автобустары мен балаларды тасымалдаудың қауіпсіздігі де бақылауға алынған.

Тексеру нәтижесінде білім беру ұйымдарының жол инфрақұрылымына қатысты 548 нұсқама берілді.

ІІМ ата-аналарға балаларға қауіпсіздік ережелерін күн сайын еске салып отыруды ұсынды. Министрлік өкілдері мектепте, көшеде, қоғамдық көлікте және интернетте қауіпсіздік талаптарын сақтауды балаға ерте жастан үйретудің маңызын атап өтті.