"Музейге қою керек": Меруерт Өтекешова ерекше сыйлыққа таңғалды

"Музейге қою керек": Меруерт Өтекешова ерекше сыйлыққа таңғалды
Фото-коллаж: ult.kz

Қазақ киносының жарық жұлдызы, "Қыз Жібек" фильмі арқылы көпшілікке танылған актриса Меруерт Өтекешоваға 75 жасқа толуына орай ерекше торт сыйға тартылды. Кондитерлер өнер иесінің өмірі мен шығармашылығын бейнелейтін төрт қабатты тәтті туынды әзірлеген, деп хабарлайды ult.kz.

Мерейтойға арналған торттың сыртқы көрінісі театр сахнасына ұқсатып жасалған. Оның әр қабатына актрисаның шығармашылық жолынан сыр шертетін, сондай-ақ отбасылық өмірінен естелік болатын фотосуреттер орналастырылған. Ал торттың ең жоғарғы бөлігі Меруерт Өтекешованың "Қыз Жібек" фильміндегі бейнесін еске түсіретін сәукелемен безендірілген.

Кондитерлік үй өкілдерінің айтуынша, мұндай ерекше сыйлықты дайындауға 13 күн кеткен. Шеберлер торттың әр бөлшегіне мән беріп, актрисаның өнердегі жолын бір туындыға сыйғызуға тырысқан.

Меруерт Өтекешова тосынсыйды көргенде таңданысын жасыра алмаған. Ол кондитерлердің еңбегін жоғары бағалап, тортты музейге қоюға лайық екенін айтқан.

"Музейге беру керек бұл тортты", – деген актрисаның сөзін кондитерлік үй әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Тәтті туындының жасалу барысы да желіде көрсетілді. Кондитерлер идеяның қалай пайда болғанын, әр қабаттың безендірілуін және дайын торттың соңғы көрінісін көпшілік назарына ұсынған.

"Қазақтың Қыз Жібегіне қуаныш сыйлауды қаладық. Ал бұл видеода сол қуаныштың артындағы жұмыс. Қазақтың Қыз Жібегі – Меруерт Өтекешоваға арналған тортымыз осылай дайындалды. Идеядан бастап соңғы безендіруге дейін кондитерлеріміз бар шеберлігі мен ықыласын салды. Әр бөлшекті дайындап, безендіріп, бәрін бір туындыға біріктіру командамыз үшін ерекше жұмыс болды", – делінген кондитерлік үйдің жазбасында.

Осылайша, шеберлер актрисаның мерейтойына жай ғана торт емес, оның өнердегі жетістіктері мен өмір жолын бейнелейтін ерекше сыйлық тарту етті.

Меруерт Өтекешова кім?

Меруерт Өтекешова – қазақ киносы мен театр өнерінің дамуына елеулі үлес қосқан танымал актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. Ол 1951 жылы 25 ақпанда Орал қаласында дүниеге келген. Актриса қазақ көрерменіне ең алдымен режиссер Сұлтан Қожықовтың "Қыз Жібек" фильміндегі басты рөлі арқылы танылды. 1970 жылы жарық көрген бұл тарихи туынды қазақ киносының классикалық шығармаларының біріне айналды. Меруерт Өтекешова Қыз Жібек бейнесін сомдаған кезде небәрі 19 жаста болған. Оның экрандағы табиғи ойыны мен ұлттық болмысты шебер жеткізуі көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.

1969-1973 жылдары Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік өнер институтында білім алып, белгілі актриса Хадиша Бөкееваның шеберханасында актерлік шеберлігін шыңдады. Оқуын аяқтағаннан кейін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының құрамына қабылданды. Театр сахнасындағы алғашқы рөлі Шыңғыс Айтматовтың "Ана – Жер-Ана" қойылымындағы Әлиман бейнесі болды. Кейін "Қарагөз", "Еңлік – Кебек", "Әпке" сияқты спектакльдерде маңызды рөлдерді сомдады. Актриса "Шоқан Уәлиханов", "Махамбет", "Ақ бақсы" және басқа да фильмдерге түсті. 1982 жылы оған Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағы берілді. Өнердегі еңбегі үшін 2008 жылы "Құрмет", 2017 жылы "Парасат" ордендерімен марапатталды. 2025 жылы Меруерт Өтекешоваға Қазақстанның халық әртісі атағы берілді. 2026 жылы 75 жасқа толған актриса қазақ киносы мен театрындағы көрнекті тұлғалардың бірі саналады.