Freedom Inside '26

«Мюзикл әлеміне саяхат»: Астанада ерекше кеш өтпек

«Мюзикл әлеміне саяхат»: Астанада ерекше кеш өтпек
Facebook / Роза Бағланова атындағы Қазақконцерт

2026 жылғы 21 маусым күні Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының сахнасында «ASTANA MUSICAL» мемлекеттік театрының «Мюзикл әлеміне саяхат» атты театрландырылған концерттік бағдарламасы өтеді, деп хабарлайды ult.kz.

Бағдарлама көрермендерді әлемдік және отандық мюзикл өнерінің жарқын туындыларымен қауыштырмақ. Кеш барысында көпшілікке танымал мюзиклдардан үздік көріністер, әсерлі музыкалық композициялар мен кәсіби сахналық қойылымдар ұсынылады.

Концерт бағдарламасына қазақстандық «Достар серті», «Роза Бағланова», «Алдар көсе» мюзиклдерімен қатар, әлемдік музыкалық театр өнерінің жауһарлары саналатын «Moana», «Mamma Mia», «Moulin Rouge», «Romeo and Juliet», «Beauty and the Beast», «Notre Dame de Paris», «Aladdin», «Memphis», «Seasons of Love», «Waitress» және «Hamilton» мюзиклдерінен көріністер сахналанады.

Көрермен сүйікті кейіпкерлерімен қайта қауышып қана қоймай, әрбір қойылымның таңдаулы көріністерін және жанды музыкалық орындауларын тамашалай алады.

Айта кету керек, аталған бағдарлама бұған дейін аншлагпен өтіп, көрермендердің жоғары бағасына ие болған еді. Көпшіліктің сұранысына орай «Мюзикл әлеміне саяхат» бағдарламасы қайтадан сахнаға оралып отыр.

Бұл кеш мюзикл жанрының сан қырлы әлемін таныстырып, өнер сүйер қауымға ұмытылмас әсер сыйлайтын мәдени демалыс сыйламақ.