Министрлік ауылдары ауызсуға жарымай отырған өңірлерді атады

Министрлік ауылдары ауызсуға жарымай отырған өңірлерді атады


Еліміздегі үш өңірдің қала халқы 100 пайыз аузысумен қамтылған. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Бейбіт Шаханов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың қорытындысы бойынша елдегі сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділік 94,1% құрады, оның ішінде ауылдарда – 90,1%, қалаларда – 97,5%. Бұл, 17,7 миллионнан астам адам деген сөз», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіне өткен брифингіде. 

Сондай-ақ, ол аймақтардың халықты ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіштеріне тоқталды. 

«Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Атырау облыстарында қала халқы 100% сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. Ауызсуға ең төмен қолжетімділік Жамбыл облысында байқалуда – 88,9%. 

Сондай-ақ, ауылдық жерлердегі сумен жабдықтауға ең жоғары қолжетімділік Алматы (98,3%), Атырау (98,5%) және Қызылорда (97,6%) облыстарында тіркелді. 

Ауылдық жерлердегі сумен жабдықтауға ең төменгі қолжетімділік Қостанай (64,7%), Шығыс Қазақстан (81,4%), Солтүстік Қазақстан (82,2%) және Жамбыл (82,2%) облыстарында байқалуда», - деді комитет өкілі.