Әнші Меруерт Түсіпбаева әлеуметтік желідегі парақшасында журналист әрі Мәжілістің бұрынғы депутаты Мақсат Толықбайдың Парламенттегі қызметіне көңілі толмайтынын ашық жазды, деп хабарлайды ult.kz.
Өнер иесі оның депутат ретінде қандай маңызды мәселелер көтергенін сұрап, халықтың сенімін ақтай алды ма деген сауал тастады. Сондай-ақ Ақтаудағы ауызсу мәселесін мысалға келтіріп, халықтың түйткілдерін шешуге неге белсенді араласпағанын сынға алды.
«Мақсат кезінде жақсы тамада еді. Сол кезде өз орнында болды. Егер ескерткіш қойылуы керек болса, кеше ғана 80 жылдығы аталып өткен тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровке қойылсын. Мақсат пен Ринат қандай мәселе көтерді? Халықтың жоғын жоқтады ма? Неге үнсіз отырды? Халықтың сенімін ақтады ма?» – деп жазды әнші.
Сонымен қатар ол блогерлер мен өнер адамдарының саясаттағы рөліне қатысты да пікір білдіріп, жазбасын: «Айтпақшы, Мақсат – жақсы тамада! Ұсынамын» деген мысқылды сөзбен аяқтады.
Айта кетейік, бұған дейін Мақсат Толықбай «МузАРТ» тобына ескерткіш орнатуды және қала көшелерінің біріне топтың атын беруді ұсынған болатын. Ал Меруерт Түсіпбаева бұл сынының «МузАРТ» ұжымына еш қатысы жоқ екенін ерекше атап өтті.