«Мені жазалағысы келетіндей»: Михаил Шайдоров жалақысыз қалғанын айтты

«Мені жазалағысы келетіндей»: Михаил Шайдоров жалақысыз қалғанын айтты
ашық дереккөз

Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров 2026 жылғы Милан қысқы Олимпиадасындағы жеңісінен кейін жалақы алмай жүргенін айтты, деп хабарлайды ult.kz.

Қазақстандық спортшы Тимур Балымбетовке берген сұхбатында жаңа маусымға дайындық басталуы керек екенін, алайда оны қалай жалғастырарын түсінбей отырғанын жеткізді.

Шайдоровтың сөзінше, бұл жағдай оның Туризм және спорт министрлігін сынағанынан кейін басталған болуы мүмкін. Спортшы Олимпиададан кейін министрлік оның жалақысы туралы ақпаратты жариялағанына наразы болған.

«Осыған қатысты пікір білдіргеннен кейін мені жазалағысы келгендей әсер қалды. Олимпиададағы жеңістен бері жалақы алмаймын. Ал қазір келесі маусымға дайындалуым керек, бірақ қалай дайындаларымды білмеймін. Жаттығу жиындары жоспарланған, жаңа бағдарлама қою уақыты белгіленген. Бірақ қаржыландыру мәселесінде нақты жауап жоқ. Бір адам бір нәрсе айтады, екіншісі басқа пікірде. Бұдан бөлек, 1 ақпаннан бастап дәрігерімді де алып тастады», – деді спортшы.

Олимпиада чемпионы өзінің жалақысы жарияланғаннан кейін оған ешкім нақты түсініктеме бермегенін айтты.

«Неліктен тек менің бір жылдық табысым жарияланды? Басқа спортшылар туралы неге айтылмады? Мен тек дамып, ел намысын қорғағым келеді. Маған жанжалдың қажеті жоқ. Жалақымның жарияланғаны ұнамағанын айттым. Біріншіден, бұл заңға қайшы деп есептеймін. Екіншіден, шындықты айтқаным үшін жазалағысы келетіндей көрінеді. Соның салдарынан маған еңбек сіңірген спорт шебері атағы берілмей, командама да жалақы төленбей отыр», – деді Шайдоров.

Айта кетейік, Михаил Шайдоров 2026 жылғы Милан Олимпиадасында алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихындағы мәнерлеп сырғанаудан тұңғыш Олимпиада чемпионы атанған еді. Осыдан кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев спортшыны арнайы марапаттаған болатын.

Ал Туризм және спорт министрлігіне қарасты Спортты дамыту дирекциясы Tengrinews.kz сауалына жауап беріп, Михаил Шайдоровқа 2026 жылдың қаңтар және ақпан айларындағы жалақы толық төленгенін мәлімдеді.

Ведомствоның түсіндіруінше, наурыз айынан бастап Олимпиада чемпионы үшін жаңа келісімшарт әзірленіп жатыр. Онда келесі олимпиадалық цикл аясындағы дайындық пен қаржыландыру шарттары қарастырылған.

Министрлік сондай-ақ мемлекет спортшы алдындағы барлық міндеттемені орындағанын атап өтті. Атап айтқанда, Олимпиада алтыны үшін Михаил Шайдоровқа 250 мың доллар сыйақы, Алматыдан үш бөлмелі пәтер және өмір бойы ай сайынғы мемлекеттік төлемдер қарастырылған.