Мемлекет берген пәтерді заңсыз жалға берген 172 адам анықталды: Алматыда 114 баспана босатылды

Мемлекет берген пәтерді заңсыз жалға берген 172 адам анықталды: Алматыда 114 баспана босатылды
egemen.kz

Алматыда мемлекеттен жалға берілген әлеуметтік пәтерлерді заңсыз пайдаланған азаматтарға қатысты тексеріс күшейді. Жыл басынан бері қаладағы 3125 пәтер тексеріліп, 172 заң бұзушылық анықталған, деп хабарлайды ult.kz.

Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту басқармасы мен Тұрғын үй инспекциясының мамандары Наурызбай, Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарындағы коммуналдық тұрғын үй қорына мониторинг жүргізген.

Тексеру барысында мемлекеттік тұрғын үйлерді үшінші тұлғаларға заңсыз беру, қосалқы жалға шығару, жалдау шартында көрсетілмеген адамдарды тұрғызу және жалдау ақысын төлеу міндеттемелерін орындамау фактілері анықталды.

Анықталған 172 жағдайдың 114-і бойынша пәтерлер босатылды. Қалған 58 жағдайға қатысты сотқа дейінгі талаптар жолданған.

Қала әкімдігінің мәліметінше, босатылған пәтерлерде жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстар аяқталғаннан кейін баспаналар тұрғын үй кезегінде тұрған әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қайта беріледі.

Әкімдік мемлекет берген жалға берілетін тұрғын үйді үшінші тұлғаларға беруге болмайтынын ескертті. Мұндай әрекет жалдау шартын бұзуға негіз болады.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 24-бабы 3-тармағына сәйкес, мемлекет тарапынан берілген тұрғын үйді азамат өзге адамға жалға беруге немесе уақытша тұрғындарды орналастыруға құқылы емес.

Бұған дейін Алматыда тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды пәтермен қамту қарқыны туралы жазған болатынбыз.