Freedom Inside '26

Мемлекет басшысы «Психологиялық қызмет туралы» Заңға қол қойды: психологтар үшін не өзгереді?

Мемлекет басшысы «Психологиялық қызмет туралы» Заңға қол қойды: психологтар үшін не өзгереді?
ашық дереккөз

Мемлекет басшысы «Психологиялық қызмет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, деп хабарлайды ult.kz.

Заңның басты бағыттары:

1. Дипломсыз және реестрсіз психолог болмайды. Енді арнайы жоғары білімі (дипломы) жоқ және бірыңғай мемлекеттік реестрге тіркелмеген адамдарға өзін «психолог» деп атауға заңмен тыйым салынады. Кез келген азамат маманның реестрде бар-жоғын оңай тексере алады. Реестрде жоқтардың қызмет көрсетуге құқығы болмайды.

2. «Психо» атауын жамылып алдауға жол берілмейді. Дипломы жоқ “мамандар”, ”тренерлерге” өз жарнамасында «психолог» сөзін, сондай-ақ одан туындайтын кез келген атауларды (мысалы, «психо-коуч», «психо-кеңесші») қолдануға ресми түрде тыйым салынады. 2 апталық курсты бітіргендердің дәурені бітті.

3. Онлайн-жарнама бақыланады. Психологтар әлеуметтік желіде өздерінің реестрдегі нөмірі мен білімін ашық көрсетуге міндеттеледі. «Проблеманы 1 күнде шешемін» немесе «нәтижеге 100 пайыз кепілдік беремін» деп жалған уәде беріп, халықты алдағандар жауапқа тартылады.

4. Күрделі тақырыптарға тек кәсіби мамандар жіберіледі. Депрессия, психологиялық жарақаттар (травма), мазасыздық сияқты терең мәселелермен және жалпы психологиялық көмек көрсетумен енді тек кәсіби, дипломы бар мамандар ғана айналысады. Кәсіби дайындығы жоқ “мамандар” бұл салаға жолай алмайды.

5. Психолог пен психиатрдың аражігі ажыратылады. Психолог - дәрігер емес. Оған медициналық диагноз қоюға, дәрі-дәрмек жазуға немесе адам санасына әсер ететін психоактивті әдістерді қолдануға қатаң тыйым салынады. Егер пациентте ауыр психикалық ауытқу белгілері болса, психолог оны бірден дәрігер-психиатрға бағыттауға міндетті. 

6. Кәсіби құпия заңмен қорғалады. Сіздің психологқа айтқан құпияңыз, жеке өміріңіз сіздің жазбаша келісіміңізсіз еш жерде жарияланбайды. Сізді рұқсатсыз видеоға немесе аудиоға түсіруге де қатаң тыйым салынады.