Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваны қабылдап, балалардың құқықтарын қорғау саласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат алды, деп хабарлайды ult.kz.
Кездесу барысында Динара Зәкиева биыл «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданғанын баяндады. Құжат аясында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қорғау және қауіпсіздік салаларындағы балалар құқықтарын қамтамасыз ету шаралары жүйеленген.
Оның айтуынша, бес жылға арналған іс-қимыл жоспары әзірленіп, оған әлеуметтік қолдауды күшейту мен бала құқықтарын қорғауға бағытталған 158 іс-шара енгізілген.
Сонымен қатар өңірлік әкімдіктер жанынан Балалар құқығын қорғау басқармаларын құру жұмысы аяқталып, олардың өкілеттіктері ұлттық заңнамада бекітілген. Қазіргі уақытта қажетті ұйымдастыру рәсімдері жүргізіліп жатыр.
Уәкілдің мәліметінше, биыл тоғыз өңірдегі жағдайға мониторинг жасалып, балалардың психологиялық саулығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстардың сапасы зерделенген.
Кездесуде психологиялық қолдау орталықтарының қызметі мен психологиялық саулықты бағалаудың бірыңғай бағдарламасын енгізу мәселелері де талқыланды. Бұл бастама ерекше назар мен қолдауды қажет ететін балаларға жүйелі көмек көрсетуге мүмкіндік берген.
Динара Зәкиева сондай-ақ 111 мемлекеттік байланыс орталығының жұмысына тоқталды. Оның айтуынша, мектептерде QR-111 жүйесін енгізу балалармен тікелей байланыс орнатуға және олардың құқықтарының бұзылу фактілерін анықтауға көмектескен.
2024 жылдың қазан айынан 2026 жылдың маусым айына дейін балалардан 167 мың хабарлама мен 4523 қоңырау түскен.
Кездесу барысында балаларға арналған инфрақұрылымды дамыту, әсіресе ауылдық жерлердегі нысандарды жақсарту, сондай-ақ ата-аналардың жауапкершілігін арттыру мәселелері де көтерілді.
Мемлекет басшысы «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын тиімді жүзеге асыру үшін Бала құқықтары жөніндегі уәкіл, Үкімет және жергілікті атқарушы органдардың күш-жігерін үйлестіру маңызды екенін атап өтті.