Мектепке 70 балта не үшін керек? Шымкентте күмәнді сатып алулар анықталды

Мектепке 70 балта не үшін керек? Шымкентте күмәнді сатып алулар анықталды
lalafo.kg

Шымкент мектептерінде мемлекеттік сатып алулар, педагогтердің жүктемесі және әлеуметтік көмек алатын отбасыларға қатысты бірқатар күмәнді дерек анықталды. Бұл мәліметтер цифрлық талдау арқылы белгілі болған, деп хабарлайды ult.kz.

«Жетінші арна» мәліметінше, талдау барысында мектептердің бірінің бюджет қаражатына 70 балта сатып алғаны анықталған. Алайда бұл құралдардың қандай мақсатта алынғаны белгісіз. Бұдан бөлек, үш бухгалтерге 55 калькулятор сатып алуға тапсырыс берілген.

Цифрлық жүйе педагогтерге қатысты да сәйкессіздіктерді анықтаған. Атап айтқанда, бір мұғалімге 70 сағат оқу жүктемесі берілген. Сондай-ақ бір қызметкердің бір мезетте екі басшылық қызметті атқарғаны белгілі болды.

Әлеуметтік көмекке қатысты жүргізілген талдау кезінде өзін аз қамтылған отбасы ретінде көрсеткен кей азаматтардың жеке дүкендері, жер телімдері және бірнеше автокөлігі бары анықталған. Олардың бір бөлігі әлеуметтік көмек алуға құқығын растайтын құжаттарды ұсына алмаған.

Жалпы цифрлық талдау білім беру саласында 12 бағыт бойынша талаптардың сақталмағанын көрсеткен.

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, цифрландыру бюджет қаражатын тиімді пайдалануға мүмкіндік беріп отыр.

«Цифрландыру өте көп көмектесті. Былтыр 10 млрд 200 млн теңге үнемдедік. Бүгінгі таңда шамамен 15 млрд теңге үнемделді. Жыл соңына дейін үнемделген қаражат көлемі одан да арта түседі деп ойлаймын», – деді ол.