Мектеп бітіру кешін мейрамханада өткізуге тыйым салынды

Мектеп бітіру кешін мейрамханада өткізуге тыйым салынды
ашық дереккөз

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі мектептерде бітіру кештерін мейрамхана, кафе, банкет залы, демалыс базасы мен табиғат аясында өткізуге тыйым салынатынын мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.

Министрлік салтанатты іс-шараларды тек білім беру ұйымдарының қабырғасында өткізу қажет екенін ескертті. Аттестаттар мен дипломдарды табыстау рәсімдері де мектепте ұйымдастырылады.

Сонымен қатар ата-аналардан ақша жинауға, сыйлық талап етуге және өзге де материалдық құндылықтар сұрауға жол берілмейтіні айтылды.

Ведомство бұл шектеулер оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіпті сақтау және білім беру ұйымдарында «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайту мақсатында енгізілгенін мәлімдеді.