Маусымда Enbek.kz порталында 109 мыңға жуық бос жұмыс орны жарияланды

Маусымда Enbek.kz порталында 109 мыңға жуық бос жұмыс орны жарияланды
ашық дереккөз

2026 жылғы маусымда Enbek.kz Электрондық еңбек биржасында еңбек нарығы қайта жанданып, жұмыс берушілер 108,7 мың бос жұмыс орнын жариялады. Бұл мамыр айымен салыстырғанда 25,4%-ға көп. Сонымен қатар жұмыс іздеушілер 126,7 мың түйіндеме орналастырып, көрсеткіш бір айда 38,3%-ға өсті, деп хабарлайды ult.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, еңбек нарығындағы белсенділіктің артуына мамыр айындағы маусымдық бәсеңдеудің аяқталуы және оқу орындарының түлектерінің жұмыс іздей бастауы әсер еткен.

Ең көп кадр қажет болған салалар:

  • білім беру – 19,2 мың бос жұмыс орны;
  • қызмет көрсету саласы – 16,5 мың;
  • ауыл, орман және балық шаруашылығы – 12,1 мың;
  • денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету – 9,5 мың;
  • құрылыс – 8,4 мың;
  • өңдеу өнеркәсібі – 7,3 мың.

Өңірлер бойынша ең көп бос жұмыс орны Түркістан облысында (12,3 мың), Астана қаласында (8,5 мың), Жамбыл облысында (7 мың) және Қарағанды облысында (6,7 мың) тіркелді.

Жұмыс іздеушілердің жартысына жуығы – 35 жасқа дейінгі жастар. Олар жарияланған түйіндемелердің 49%-ын құрады. Сарапшылар мұны биылғы түлектердің еңбек нарығына белсенді шығуымен байланыстырады.

Маусым айында ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындары қатарында:

  • дивизион директоры – шамамен 1,98 млн теңге;
  • басқарма бастығының орынбасары – 1,38 млн теңге;
  • ұңғыма инженері – 1,31 млн теңге.

Ал ең жоғары жалақы күтімі ұшқыштарда (3,4 млн теңге), жүйелік сәулетшілерде (2,5 млн теңге) және дәрігер-хирургтерде (2 млн теңге) тіркелген.

Жыл басынан бері Enbek.kz платформасында жалпы 604,4 мың бос жұмыс орны жарияланып, 736 мың түйіндеме орналастырылған.