20 қазанда Қазақстанның бірқатар өңірінде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. «Қазгидромет» болжамынша, атмосфералық фронттардың әсерінен елдің солтүстік-батысында, солтүстігі мен шығысында ауа райы құбылмалы болып, жаяу бұрқасын соғады, деп хабарлайды ult.kz.
Республиканың қалған аумағында антициклонның ықпалымен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Дегенмен ел аумағында жел күшейіп, кей жерлерде тұман түседі. Оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл күтіледі.
Түнде Жетісу облысында, сондай-ақ Жамбыл облысының батысы мен шығысында 2–7 градус үсік жүреді. Қызылорда облысының шығысында топырақ бетінде 2 градусқа дейін үсік болуы мүмкін.
Синоптиктердің 20–22 қазанға арналған болжамына сәйкес, 20 қазанда күндіз Павлодар облысында қатты жауын-шашын - жаңбыр мен қар күтіледі. Солтүстік және шығыс өңірлерде көктайғақ болжанғандықтан, жолға шығатын жүргізушілердің ауа райын ескергені жөн.