eGov Mobile мобильді қосымшасында отбасының әл-ауқатын бағалап, әлеуметтік жағдайын анықтауға мүмкіндік беретін жаңа сервис пайда болды, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңа калькулятор 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кейбір мемлекеттік көмектерді отбасының нақты жағдайы мен мұқтаждығына қарай көрсету тәртібіне көшу аясында іске қосылған.
Сервис арқылы азаматтар отбасының әл-ауқатын бағалау талаптарымен танысып, өз отбасының жағдайын алдын ала анықтай алады.
Бағалау кезінде тек отбасының табысы мен мүлкі ғана емес, отбасы құрамы, балалардың, қарт адамдардың және мүгедектігі бар адамдардың болуы сияқты әлеуметтік факторлар да ескеріледі. Есептеу алты бағыт бойынша 59-дан астам көрсеткішке негізделеді.
Алайда калькулятор нәтижесі мемлекеттік көмек тағайындауға немесе оны тоқтатуға негіз болмайды. Есеп азаматтың өзі енгізген мәліметтер бойынша жүргізіледі және тек ақпараттық сипатқа ие.