«Бір жыл бойы күттім»: Дана Нұржігіт алғашқы некесінің неге бұзылғанын айтты

«Бір жыл бойы күттім»: Дана Нұржігіт алғашқы некесінің неге бұзылғанын айтты
Фото-коллаж: видеодан скриншот/ ЖИ арқылы өңделген

Белгілі тележурналист Дана Нұржігіт Жанар Байсеміздің подкастында жеке өміріне қатысты бұрын көпшілікке айта бермеген жайттармен бөлісті. Ол марқұм журналист Владимир Рерихпен қалай танысып, отбасын құрғанын, көп жыл күткен сәбиінің денсаулығына байланысты қиындықтарды және алғашқы некесінің неліктен ажырасумен аяқталғанын баяндады, деп хабарлайды ult.kz.

Дана Нұржігіттің сөзінше, Владимир Рерих оған алғаш сезімін білдірген кезде заңды некеде болған. Журналист мұндай қарым-қатынасты қабылдай алмайтынын айтып, болашақ жарына нақты талап қойған.

"2001-де біз бірге тұра бастадық. Оңай болған жоқ. Ол өте әдеби адам еді ғой. Әдебиетке ғашық, сөзге ғашық филолог. Жоқ, мен көлеңкеде өмір сүретін көңілдес бола алмаймын. Сен өзің бір жағына шық, мен бұған келіспеймін дедім", – деп еске алды ол.

Осылайша Дана өзге адамның отбасылық өміріне араласқысы келмейтінін бірден білдірген. Кейін Владимир бұрынғы некесін тоқтатып, екеуі шаңырақ көтерген. Алайда олардың қосылуы сол кездегі әріптестері мен айналасындағы адамдар арасында түрлі әңгімеге себеп болған. Тіпті Дананы өзгенің отбасын бұзды деп айыптағандар да кездескен.

Подкаст жүргізушісі Жанар Байсеміз журналистен Владимир сөз салғанға дейін оған көңілі болған-болмағанын сұрады. Дана Рерихтің сол кезде редакциядағы ең сыйлы әрі көпшіліктің ықыласына бөленген азаматтардың бірі болғанын айтты.

"Бүкіл редакция ол кісіге ғашық болды. Қазақ редакциясының қызына сөз салып, ғашық болғаны, менің ойымша, барлығы үшін сенсация болды", – деді ол.

Тележурналист бұрынғы жұбайының білімділігіне, әдебиетке деген сүйіспеншілігіне және адамгершілік қасиеттеріне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, Владимир өзін ең алдымен жеке тұлға ретінде бағалап, әрдайым құрмет көрсеткен. Дана олардың арасындағы ұлт айырмашылығы ешқашан басты мәселе болмағанын, керісінше, өзара сыйластық пен рухани жақындық екеуін табыстырғанын жеткізді. Бұрынғы жары туралы естеліктерін айтқан сәтте журналист толқып, көзіне жас алды.

"Бүкіл жаным, тәнім балама кетті"

Сұхбат барысында Дана Нұржігіт ана атану жолында бастан өткерген ауыр кезеңін де еске алды. Оның айтуынша, ерлі-зайыптылар перзент сүюді он жыл күткен. Алайда көптен күткен жүктілік қуанышымен бірге үлкен алаңдаушылық та келген. Жүктіліктің бесінші айында дәрігерлер құрсақтағы баланың бір өкпесіне сұйықтық жиналғанын анықтаған.

Мамандар сәбидің денсаулығына қатысты өзге де қауіптер болуы мүмкін екенін ескерткен. Сондықтан Дана баласы дүниеге келгеннен кейін бар уақытын оның денсаулығын жақсартуға арнаған.

"Мен Әлімді он жыл күттім. Бүкіл жаным, тәнім әлжуаз болып туған балаға кетті. Күйеуді назарсыз қалдырдым. Володя назарсыз болып кетті. Өйткені маған баланы құтқару керек болды", – деді журналист.

Дананың айтуынша, дәл осы уақытта Владимир Рерихтің де өмірінде күрделі кезең басталған. Ол ұзақ жыл еңбек еткен "Хабар" телеарнасындағы қызметінен кеткеннен кейін ауыр психологиялық күйзеліске түскен.

Журналист бұрынғы жұбайының шығармашылық қабілетін жоғары бағалайтынын айтып, оның сценарист, актер және режиссер ретінде де үлкен жетістіктерге жете алатын мүмкіндігі болғанын жеткізді. Алайда кәсіби өміріндегі өзгерістер Владимирге ауыр соққы болып тиген. Дана оның жұмысынан кетуіне байланысты жағдайды өмірінің соңына дейін ұмыта алмағанын айтты. Сондай-ақ ол бұрынғы жұбайының сеніміне кірген адамның әрекетін сатқындық ретінде қабылдағанын жеткізді. Дегенмен сұхбаттың аталған бөлігінде нақты кім туралы айтып отырғанын ашып көрсетпеді.

"Басқа адам оның жан дүниесін түсініп кетті"

Дана Нұржігіт отбасылық өмірінің аяқталуына тек бұрынғы күйеуін кінәламайтынын айтты. Оның пікірінше, сол кезеңде ерлі-зайыптылардың екеуі де бір-біріне жеткілікті көңіл бөле алмаған. Бір жағынан, журналист баласының денсаулығы үшін күрессе, екінші жағынан, Владимир кәсіби дағдарысты бастан өткерген. Осындай жағдайда олардың арасындағы эмоционалдық байланыс әлсірей бастаған.

"Ал енді екеуміздің екі жаққа кеткенімізге екеуміздің де кінәміз бар сияқты", – деді ол.

Тележурналист өзінің бар назары баласына ауған кезде күйеуінің ішкі күйзелісін басқа адамның түсініп, оған қолдау көрсеткенін жасырмады.

"Мен әлек болып кеттім деген кезде, сол көңіл күйді, сол алай-дүлей жан дүниесіндегі нәрсені басқа адам түсініп кетті, басқа адам көңіл бөлді", – деп бөлісті Дана.

Осылайша олардың қарым-қатынасы біртіндеп өзгеріп, ақырында екі жаққа кетуге тура келген.

Дана сол кезде отбасын сақтап қалуға үміттеніп, жағдайдың оңалуын бір жыл бойы күткенін жеткізді. Ол ажырасуға алып келген оқиғаларды ой елегінен өткізіп, өз әрекеттеріне де сын көзбен қараған. Кейін Владимир Рерих үшінші рет отбасын құрған. Ал Дана Нұржігіт өткен өміріне көз жүгірте отырып, олардың ажырасуына бір ғана адамның әрекеті емес, бірнеше күрделі жағдайдың қатар келуі әсер еткенін түсіндірді.

Журналистің әңгімесінен белгілі болғандай, ұзақ жыл күткен перзентінің денсаулығы үшін күрес пен жұбайының кәсіби күйзелісі олардың отбасылық өміріндегі ең ауыр сынақтардың біріне айналған.

Дана Нұржігіт кім?

Дана Нұржігіт – қазақстандық белгілі тележурналист, тележүргізуші, медиатренер және қоғам қайраткері. Ол 1972 жылы Қызылорда облысының Қазалы ауданындағы Лақалы ауылында дүниеге келген. Болашақ тележүргізуші алғашқы білімін Қызылорда қаласындағы №198 мектепте алған. Кейін отбасы Алматы облысының Есік қаласына көшіп, Дана Ахмет Жұбанов атындағы республикалық музыка мектебінде білімін жалғастырған. Ол Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясын фортепиано мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 1994 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде концертмейстер болып бастаған. 1996 жылы Күләш Байсейітова атындағы республикалық музыкалық колледжде қызмет атқарған. 1997 жылы телевизия саласына келіп, журналистік мансабын бастаған. Алғаш рет 1997 жылдың 18 ақпанында тікелей эфирге шыққан. Кейін "Хабар" агенттігінде жаңалықтар жүргізушісі, редактор, продюсер және көркемдік жетекші қызметтерін атқарған.

Сонымен қатар "Сәлем, Қазақстан!" бағдарламасында жұмыс істеп, CaspioNet жобасының продюсері болған. Қазақстан ұлттық телеарнасындағы "Дара жол" бағдарламасы арқылы да көрерменге кеңінен танылды. 2019 жылдың тамызында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалған. Ол 2023 жылға дейін сенатор қызметін атқарып, білім беру, балалардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік мәселелерге қатысты жұмыстарға қатысқан. Дана Нұржігіт бүгінде журналистика саласындағы тәжірибесімен бөлісіп, қоғамдық мәселелер жөнінде пікір білдіріп жүрген танымал тұлғалардың бірі.