Қазақстанда психикалық денсаулық сақтау ұйымдарының желісін кеңейту жоспарланып отыр. 2027–2031 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында елде 81 алғашқы медициналық орталық пен аутизм спектрінің бұзылысы бар балаларға арналған 189 күндізгі болу бөлімшесі ашылады, деп хабарлайды ult.kz.
Жаңа бөлімшелер балаларға тұрғылықты жері бойынша оңалту курсынан өтуге мүмкіндік береді. Осылайша, шалғай аудандардың тұрғындары да ерте диагностика, емдеу және оңалту қызметтеріне қол жеткізе алады. Балаларды тәулік бойы ауруханаға жатқызудың қажеті болмайды.
Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Гүлнар Сәрсенбаеваның айтуынша, жаңа бөлімшелер жұмыс істеп тұрған психикалық денсаулық орталықтары мен аудандық ауруханалар базасында ашылады.
Қазір Қазақстанда 20 өңірлік орталық, 101 алғашқы медициналық орталық және бейінді 212 кабинет жұмыс істейді. Тағы 81 орталыққа қажеттілік 12 облыста анықталған.
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова психикалық денсаулық мәселелеріне басымдық беріліп отырғанын атап өтті.
«Біздің міндетіміз – пациенттің қай жерде тұратынына қарамастан, барлық өңірде мамандандырылған көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету», – деді министр.
Мамандар тапшылығы да шешіледі
Кешенді жоспар аясында балалар мен ересектер психиатрларының тапшылығын жою мәселесі де қарастырылған. Денсаулық сақтау министрі өңірлерге осы саладағы мамандарды даярлауға арналған білім беру гранттарының санын көбейтуді және медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау шараларын енгізуді тапсырған.
Бұдан бөлек, жоспар медициналық мекемелердің ғимараттарын жаңғыртуды, заманауи жабдықтар сатып алуды, амбулаториялық көмекті дамытуды және тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруді қамтиды.