Павлодар облысында төрт жыл бұрын жасалған кісі өліміне қатысты қылмыс ашылды. Бұл туралы Polisia.kz мәлімдеді, деп хабарлайды ult.kz.
Тергеу мәліметінше, 2022 жылдың қыркүйегінде Шарбақты ауылындағы жеке үйлердің бірінен жергілікті тұрғынның мәйіті табылған. Марқұмның денесінен зорлық-зомбылық белгілері анықталғанымен, сол кезде күдіктіні анықтау мүмкін болмаған.
Алайда 2026 жылы полиция қызметкерлері қосымша жедел-іздестіру шараларын жүргізіп, марқұмның байланыс ортасын қайта тексеру барысында қылмысқа қатысы бар адамды анықтады. Ол қайтыс болған азаматтың танысы болып шыққан.
Тергеу барысында оқиға күні екі ер адамның бірге спирттік ішімдік ішкені белгілі болды. Кейін араларында жанжал туындап, күдікті жәбірленушіге ауыр дене жарақаттарын салған. Салдарынан ер адам көз жұмған.
Жиналған дәлелдер негізінде күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Кейін сот оны кінәлі деп танып, сегіз жылға бас бостандығынан айырды.
ІІМ мәліметінше, Павлодар облысында жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің 17 дерегі ашылған. Оның төртеуі адам өлімімен байланысты қылмыстар.