Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов ҰБТ-дан жоғары балл жинаған түлектерге пәтер мен автокөлік сыйлау бастамасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Парламенттің бірлескен отырысынан кейінгі кулуарда депутат ең алдымен 130 және 140 балл жинаған мектеп түлектерін құттықтап, бұл жетістік үлкен еңбектің нәтижесі екенін айтты.
«Бұл – үлкен табандылықтың, білімнің, біліктіліктің және ата-ана, бала мен мектептің үлкен еңбегінің нәтижесі. Сондықтан бұл шын мәнінде қуанарлық жағдай», – деді ол.
Сондай-ақ Аймағамбетов жоғары нәтиже көрсеткен түлектерге түрлі сыйлықтардың берілуін қалыпты жағдай деп санайтынын жеткізді. Оның пікірінше, мұндай қадамдардың астарында білім беру орталықтарының маркетингтік мақсаты да болуы мүмкін.
«Егер осы балаларға пәтер, автокөлік сыйлап жатса, менің ойымша, бұл жаман емес. Бірақ біз бір мәселені түсінуіміз керек. Мұнда маркетинг мәселесі де бар. Өйткені бір жағынан компаниялардың атын әрі қарай әйгілі ету, “біздің түлек осындай мүмкіндікке қол жеткізді” деп көрсеткісі келеді», – деді депутат.
Сонымен бірге Мәжіліс депутаты қысқа мерзім ішінде оқушыны ерекше әдіспен дайындап шығаратын «сиқырлы технология» жоқ екенін атап өтті.
Оның айтуынша, жоғары нәтиже – ең алдымен мектеп мұғалімдерінің күнделікті еңбегі, ата-ананың қолдауы және оқушының өзінің талпынысының жемісі.
«Егер бала 130-140 балл алса, Гарвардқа, Назарбаев университетіне түссе, бұл біздің білім беру жүйесінің, мектептегі күнделікті еңбегі көрінбей жатқан мұғалімдердің еңбегі. Бұны орталықтардың еңбегі деп айтпауымыз керек. Олардың да еңбегі бар, әрине. Бірақ негізінен ол мұғалімдердің еңбегінің, ата-ананың қолдауының, баланың өз еңбегінің үлкен нәтижесі», – деп түйіндеді Асхат Аймағамбетов.