Маңғыстау облысында теміржол вокзалының 43 жастағы қызметкері жұмыс орнында қайтыс болды. Қайғылы оқиғаға қатысты тиісті органдар тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды ult.kz.
Магистральдық желі дирекциясының мәліметінше, 5 шілде күні шамамен сағат 09:10-да Маңғыстау магистральдық желі бөлімшесінің №13 кірме жолының станция бастығы 1983 жылы туған кірме жол кезекшісін жұмыс орнында ес-түссіз жатқан күйінде тапқан.
Оқиға орнына жедел жәрдем қызметі мен аудандық полиция басқармасының қызметкерлері шақырылды. Дәрігерлер ер адамның оқиға орнында қайтыс болғанын растады.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің аумақтық департаменті тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Қызметкердің өліміне нақты не себеп болғаны тергеу қорытындысынан кейін белгілі болады.