Маңғыстау облысында қиын жағдайға тап болған Қызыл кітапқа енген шұбар күзен құтқарылып, табиғи мекендеу ортасына қайта жіберілді, деп хабарлайды ult.kz.
Сирек кездесетін жануарды полиция қызметкерлері тауып, Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясына жеткізген.
Осыдан кейін инспекция басшысы Ғаббас Досатов Үстірт мемлекеттік табиғи қорығының мамандарымен байланысқа шыққан. Ақтауға қорық директорының ғылым жөніндегі орынбасары Жасқайрат Ермек пен инспектор Досан Атантаев келіп, жануарды тексерген.
Мамандардың анықтауынша, табылған аң – Қазақстан фаунасындағы Vormela туысының жалғыз өкілі саналатын шұбар күзен. Бұл түр Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және саны мен таралу аймағы азайып бара жатқан сирек жануарлардың III санатына жатады.
Жүргізілген тексеру барысында шұбар күзеннің денесінен ауыр сыртқы жарақаттар анықталмаған. Мамандардың айтуынша, бұл жануар көбіне жартылай бекіген және бекіген құмды алқаптарда тіршілік етіп, құмтышқандар, сарышұнақтар мен тышқандар көп кездесетін аумақтарды мекендейді.
Кейін шұбар күзен Қарақия-Қаракөл мемлекеттік табиғи қаумалының аумағына жеткізіліп, табиғи мекендеу ортасына жіберілді.
Мамандар уақытылы көрсетілген көмек пен тұрғындардың жанашырлығының арқасында сирек кездесетін жануардың табиғаттағы тіршілігін жалғастыруына мүмкіндік туғанын атап өтті. Сондай-ақ олар жануарды құтқару ісіне атсалысқан барлық азаматтарға алғыс білдірді.