Ақтаудағы «Қасиет» пластикалық хирургия клиникасына барғаннан кейін қайтыс болған Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Ербол Айтуовтың ісі жаңа дауға ұласты. Марқұмның өліміне қатысты нақты себепті анықтау үшін эксгумация жасалуы мүмкін, деп хабарлайды ult.kz. Halyqstan Телеграм арнасына сілтеме жасап.
Маңғыстау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Алдырза Қуанышкереевтің айтуынша, депутаттың денесі туыстарына сот-медициналық сараптамасыз берілген. Бұл жайт қоғамда үлкен сұрақ туғызды.
Адвокаттың сөзінше, эксгумация жасап, қайта сараптама жүргізу ғана Ербол Айтуовтың нақты неден көз жұмғанын анықтауға мүмкіндік беруі мүмкін.
Осы арада клиника өкілдері де жаңа мәлімдеме жасады. Медициналық орталықтың бас дәрігері Артур Тәжиев депутатқа пластикалық операция жасалмағанын айтты.
Оның мәліметінше, наркоз енгізілгеннен кейін науқастың қан қысымы күрт көтеріліп, 210–220-ға дейін жеткен. Осыдан кейін дәрігерлер операцияны тоқтатқан.
Клиника комаға иек липосакциясы мен мойын тарту операциясы емес, гипертониялық криз аясындағы инсульт себеп болды деп отыр.
Алайда қоғамда тергеу әрекеттеріне қатысты күмән күшейіп келеді. Әсіресе медициналық араласудан кейін көз жұмған адамның мәйітіне сот-медициналық сараптама жүргізілмегені қызу талқылануда.
Белгілі болғандай, Ербол Айтуов Шымкент қаласында жерленген.