Айдарбек Қожаназаров әлеуметтік желідегі жазбасында бұған дейін айтқан «Абайды Абай қылған – Құнанбайдың малы» деген сөзіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ult.kz.
Оның айтуынша, бұл сөз үлкен пікірталасқа айналып, кей адамдар негізгі ойға емес, «мал» сөзіне назар аударған.
Қожаназаров өз ойын Абайдың қара сөзіндегі пікірмен түсіндірді. Абай қазақты түзеуге ниет еткен адамға екі нәрсе қажет екенін айтып, соның бірі — «есепсіз бай боларға керек» деген.
«Мал – мақсат емес, мүмкіндік. Дәулет – ақыл емес, бірақ ақылдың біліммен шыңдалуына жол ашатын құрал», – деп жазды Айдарбек Қожаназаров.
Ол Құнанбайдың дәулеті Абайға талант бермегенін, алайда оның талантын дамытуға қажетті білімге, ортаға және мүмкіндікке жол ашқанын атап өтті.
Сондай-ақ Қожаназаров қазақ тарихында ауқатты азаматтардың мектеп ашып, баспасөзді, ағартушылықты және елдік бастамаларды қаржыландырғанын еске салды.
«Мал талант тудырмайды – талантқа мүмкіндік береді. Ақша ақыл бермейді – білімге жол ашады. Байлық адамды ұлы етпейді – бірақ дұрыс жұмсалса, ұлы мұратқа қызмет етеді», – деді ол.
Қожаназаровтың пікірінше, «Құнанбайдан да байлар болды, неге бәрінен Абай шықпады?» деген уәж мәселенің мәнін толық ашпайды.
Ол жазбасының соңында өз сөзін емес, Абайдың айтқанын негізге алу керектігін атап өтті.
Айта кетейік, “Абайды Абай қылған - Құнанбайдың малы” деген Айдарбек Қожаназаровтың айтқан сөздері елге жақпай қалған.